«Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ»: Бектенов әкімдерге күзге дейін жаңа міндет жүктеді
Мектептер мен медициналық мекемелер 1 қыркүйекке дейін жылу беру маусымына толық дайын болу керек
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылу беру маусымына дайындықты жеделдетіп, барлық негізгі жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуы тиіс. Жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстардың созылып кету қаупі бар. Егер күзде энергия нысандары дайын болмаса, өңір әкімдері жеке жауап береді», – деді Бектенов Үкімет отырысында.
Ол қысқа мерзім ішінде ұйымдастыру шараларын аяқтап, нақты жұмыстарға кірісуді тапсырды.
«Өңір әкімдіктері екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына кірісуі тиіс. Мұнда артық бюрократия болмауы керек. Жылумен қамту нысандарын жөндеу тамыз айының соңынан кешікпей аяқталуы қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз етсін», – деді премьер-министр.
Сондай-ақ инфрақұрылымды дайындау мерзімдері өңірлерге қарай нақты белгіленді.
«Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін толық дайын болуы тиіс. Ал қалған өңірлерде – 15 қазанға дейін. Әкімдерге нысандарға тұрақты барып, жағдайды жеке бақылауға алуды тапсырамын», – деп атап өтті Бектенов.