Қазақстанда жылу және электр желілерін жаңғыртуға 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді
2026 жылы елде мыңдаған шақырым желі жаңарады
Қазақстанда биыл энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 626,8 млрд теңге қарастырылған. Қаражат жылу және электр желілерін жаңартуға, сондай-ақ өңірлерде энергиямен қамту сенімділігін арттыруға бағытталады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба орындалып жатыр. Биыл жоба аясында 130 км жылу және 10 490 км электр желісін жаңғыртуға 626,8 млрд теңге қарастырылған. Негізгі мақсат – желілердегі шығындар мен тозуды азайту, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау», – деді Есімханов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, сонымен қатар өңірлерде жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесі де қатар шешіліп жатыр.
«Ең алдымен, өңірлердің өтінімдері негізінде жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 7 өңірге 25,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы мен Жетісу және Абай облыстарына қаражат бөлінді. Бұл өңірлердің қажеттіліктеріне жедел жауап беруге және апаттық жағдайлар қаупін азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен қатар ол өңірлерде жүзеге асырылып жатқан нақты жобаларға тоқталды.
«Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жетісу облысының Талдықорған қаласында оңтүстік-батыс тұрғын ауданында кварталдық қазандық құрылысы жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-сының №5 және №6 қазандықтарына және қаладағы 12 жылу желісі учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысында Семей қаласындағы ЖЭО-1 мен қазандықтар жөнделіп жатыр», – деді Есімханов.