7 мың литр: Алматыдағы жертөлелердің бірінде сыра өндіретін заңсыз цех табылды (ВИДЕО)

Заңсыз сыра өндіретін жасырын цех жойылды

7 мың литр: Алматыдағы жертөлелердің бірінде сыра өндіретін заңсыз цех табылды (ВИДЕО)
Фото: istockphoto.com

Алматыдағы жертөлелердің бірінде заңсыз сыра өндіретін цех табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнынан арнайы қайнату жабдықтары, дайын өнімнің ірі көлемі, сондай-ақ өндіріс процесінде пайдаланылатын ыдыстар мен шикізат табылды.

Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың литр сыра, астыртын өндіріс құрал-жабдықтары, құюға арналған кегтер, шыны ыдыстар және алкоголь өнімдерін дайындауға арналған шикізат тәркіленді. Аталған факті бойынша барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған тексеру іс-шаралары басталды.

Түрксіб аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

«Алко-Стоп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру дерегі анықталды. Жасырын цех әшкереленіп, жабдықтар мен дайын өнімнің ірі партиясы тәркіленді. Мұндай құқық бұзушылықтар ерекше бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция азаматтарға алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен өткізудің заңмен көзделген жауапкершілікке әкелетінін ескертеді», – деді ол.