08.10.2026, 19:50
Қоғам

Павлодар облысында 9 ауыл байланыс аясынан тыс қалған

Халық біреуге телефон шалу үшін тау-тас аралап кетеміз дейді 

Павлодар облысында 9 елдімекен байланыс аясынан тыс қалған. Ұядай ғана ауылдар ұялы байланысқа жарымай отыр. Байланыс операторлары халық саны аз екенін айтып, антена орнатуға құлықсыздық танытыпты, деп жазады Azattyq Rýhy «Astana TV» телеарнасына сілтеме жасай отырып. 

Телеарна жазып отырған сондай ауылдың бірі - Баянауылдағы Сұлужон ауылы.  Елдімекенде 200-ден аса адам бар. Тұрғындар байланысқа шығу үшін тау- тас кезіп кетеді. Алайда, сигналды қуалап тауып алу қиямет қайым.

«Ауылда мүлде байланыс жоқ, Не хабарласа алмаймыз, ал қатты жел соқса,вай-фай өшіп қалады. Ауыратын кісілер бар, қарапайым ауыл тұрғыны бар, бәрі қиындық көріп отыр осы ауылда», - дейді ауыл тұрғыны Қарлығаш Багисова. 

Баянауылдағы байланысы жоқ ауылдар мәселесінен өңірдің цифрлық технологиялар басқармасы хабардар. Осы мәселені шешу мақсатында  тиісті жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді. 

Шөптікөл және Сұлужон ауылдарында 2027 жылы интернет қызметтерінде жоғары жылдамдыққа қол жеткізу мақсатында талшықты оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған. Ол жұмыс «Қол жетімді интернет» жалпы ұлттық республикалық бағдарлама бойынша 2027 жылы аяқталуға жоспарланған, дейді Облыстық цифрлы технологиялар басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Расул Жағыпаров. 

Материалдың толық нұсқасын телеарнаның ресми каналынан көре аласыздар.