Оралда цехта болған жұмысшының өлімі: тергеу қорытындысы жарияланды

Жауапкершілік екі тарапқа жүктелді

Оралда цехта болған жұмысшының өлімі: тергеу қорытындысы жарияланды
Фото: istockphoto.com

Орал қаласындағы цехтардың бірінде 23 қаңтар күні адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиға болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Арнайы тергеу мәліметтеріне сәйкес, жұмысшы жабдықты тоқтан ажыратпастан, тазалай бастаған. Сол сәтте тартылған етті түсіргіш құрылғы өздігінен төмен түсіп кетіп, ер адамның өліміне себеп болған.

БҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Арман Түйгінбетовтың мәліметінше, бұл оқиға өндіріспен байланысты деп танылды.

Жауапкершілік екі тарапқа жүктелді: кінәнің 70%-ы жұмыс берушіге, ал 30%-ы жұмысшының өзіне тиесілі.

Арман Түйгінбетов атап өткендей, кәсіпорында бірнеше күрделі заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында:

  • Жабдықтың жай-күйіне бақылаудың әлсіздігі;
  • Кәсіби тәуекелдерге бағалау жүргізілмеуі;
  • Қызметкерлерді оқытудағы кемшіліктер;
  • Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы.

Сонымен қатар, куттер құрылғысы техникалық талаптарға сәйкестігін растайтын міндетті құжатсыз пайдаланылып келген.

Айта кетерлігі, куттер – тамақ өнеркәсібі мен қоғамдық тамақтану орындарында өнімдерді ұсақтауға, араластыруға және эмульгациялауға арналған кәсіби жабдық.

Тергеу барысында жабдықтың ақауы болғаны да анықталды. Тартылған етті түсіргіш құрылғының өздігінен төмен түсіп кетуі техникалық қызмет көрсетудің тиіссіз деңгейде болғанын және кәсіпорында қауіпсіздікті ішкі бақылау жүйесінің жоқтығын көрсетеді.