Кәріз құбырларын тазалау кезінде екі жұмысшы қаза тапты: Бас прокуратура маңызды мәлімдеме жасады

Осыған байланысты компанияның бұрынғы директоры мен шебері сотталған

Кәріз құбырларын тазалау кезінде екі жұмысшы қаза тапты: Бас прокуратура маңызды мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында кәріз құбырларын тазалау кезінде улы газдан қаза тапқан екі жұмысшының өліміне байланысты істің азаматтық бөлігі қайта қаралатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорда облысында кәріз құбырларын тазалау кезінде қауіпсіздік техникасының ережелері бұзылып, салдарынан екі жұмысшы улы газға улануынан қайтыс болған. Осыған байланысты компанияның бұрынғы директоры мен шебері сотталды.

Прокуратураның мәліметінше, сот оларды ҚК-нің 156-бабының 4-бөлігі бойынша соттап, зардап шеккендердің пайдасына материалдық және моральдық шығындарды өндіріп алу туралы шешім шығарған.

Бас прокуратураға зардап шеккендердің өкілінен сотталғандардың шығынды төлемей жатқандығы туралы өтініш түскен. Істі зерделеу барысында прокуратура еңбек инспекциясының қорытындысы бойынша жұмысшылардың кінәсі 0%, ал жұмыс берушінің кінәсі 100% екендігін анықтады.

Азаматтық кодекстің нормаларына және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының түсіндірмелеріне сәйкес, қоршаған орта үшін жоғары қауіптілігі бар әрекетпен айналысатын кәсіпорындар осы қауіп көзінен келген зиянды өтеуге міндетті.

«Бас прокуратура жоғары қауіптілік көзінен келген зиян үшін жауапкершілік қызметкерлерде емес, кәсіпорында болуы тиіс екенін атап, МКК-ды азаматтық жауапкер ретінде тарту үшін сот актілерін азаматтық талап бөлігінде жою туралы кассациялық наразылық енгізді. Кассациялық сот прокурордың наразылығын қанағаттандырып, үкімді азаматтық талап бөлігінде күшін жойды және қылмыстық істі осы бөлігінде қарау үшін сол сотқа өзге құрамда қарауға жолдады», – делінген хабарламада.