Экипаж сіздің әзіліңізді түсінуге міндетті емес: ұшақта қандай сөз айтқан азаматтар ұсталады

Алматы – Ақтау бағытындағы рейсінде жолаушылардың бірі «бомба» туралы айтқан

Экипаж сіздің әзіліңізді түсінуге міндетті емес: ұшақта қандай сөз айтқан азаматтар ұсталады
Фото: ЖИ

Азаматтық авиация комитеті ұшақ бортында неліктен «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» сияқты сөздерді айтуға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Себебі экипаж мүшелері жолаушының әзілдеп тұрғанын түсінуге міндетті емес, олар дереу хаттама бойынша әрекет етуге тиіс. Авиацияда мұндай сөздер қауіп төнгенін білдіреді.

«Мұндай мәлімдеме жасалған жағдайда қауіпсіздік шаралары бірден күшейтіледі: ұшақ пен багаж тексеріледі, арнайы қызметтер шақырылады. Қажет болса, жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың кейбір аймақтарына кіруге шектеу қойылуы мүмкін», - делінген хабарламада.   

Таяуда осындай оқиға болды. Алматы – Ақтау бағытындағы рейсінде жолаушылардың бірі «бомба» туралы айтқан. Сол сәтте экипаж мүшелері авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері мен көліктік полиция қызметкерлерін шақырды. Ер адамды рейстен алып тастады. Ұшақ іші тексеріліп, ұшу екі сағатқа кешікті. 

«Бұл шамадан тыс реакция сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ авиация саласында олай емес. Экипаж мұндай сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе шын ақпарат екенін бірден анықтай алмайды. Ұшақта және әуежайда себепсіз бомба, жарылғыш зат, қару, тапанша, террористер, терроризм актісі, әуе кемесін басып алу туралы, сондай-ақ жолаушыларға немесе экипажға зиян келтіру ниеті, багажда немесе қол жүгінде қауіпті заттардың бар екені туралы сөздер айтуға және мұндай тақырыпта әзілдеуге болмайды», - дейді авиация комитеті.

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін азамат 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл немесе түзеу жұмыстарына тартылудан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.