650 дәріхана дәрі-дәрмектің бағасын қымбаттатқаны үшін жазаға тартылды
694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 770 млн теңгеге 400 мыңнан астам медициналық дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары дәрілік заттардың заңсыз айналымы, оларды қолдан жасау, сондай-ақ оларды жоғары бағамен сату фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде прокурорлардың басшылығымен экономикалық тергеу, полиция, Мемлекеттік кірістер және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау қызметінің қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтары құрылған.
Өткізілген рейдтермен 650 дәріхананың дәріні жоғары бағамен сату фактілері анықталды.
Оның ішінде, Алматы қаласында короновирустық инфекциядан емдеуде қолданылатын 60 мың дана жасанды дәрі-дәрмек ("Цефамед", "Цераксон", "Цефтазидин", "Физиотенс") дайындау цехы анықталды.
«Осы факт бойынша ҚР ҚК 222, 262 және 323-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктілер қамауға алынды,»-делінген.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында дәрі-дәрмек тапшылығын жасанды түрде жасау (Цефтриаксон, Азитромицин, Парацетамол және т.б. бар болған жағдайда) және оларды астаналық дәріханалардың бірінің қосалқы үй-жайынан (сертификатсыз және фискалды чектерсіз) жоғары бағамен сату фактісі анықталған. Аталған дәріханадан жалпы сомасы 1,7 млн теңгеге 2 811 орама дәрі-дәрмек алынды.
Ал Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясымен шекарада тиісті құжаттарсыз 5 342 қаптама мен 3 160 ампуланы, сондай-ақ 10 млн теңгеден астам сомаға 2 мың медициналық бұйымды заңсыз әкелудің жолы кесілді. Сот кінәлі тұлғаға 277 мың теңге көлемінде айыппұл салып, дәрі-дәрмек тәркіленді. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар Денсаулық сақтау басқармасына берілді.
Ірі залал келтірілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.