Енді қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріледі: тойдан түскен ақшаға салық салына ма
Халықтан көмек сұрап ақша жинайтын жандар да есеп береді

Биыл қыркүйектен бастап қазақстандықтарды салық саласында жаңа өзгеріс күтіп тұр. Салық органдары азаматтардың мобильді аударымдарын бақылауға кіріседі. Бұл жаңашылдықты біреу көлеңкелі бизнестің жолын кесетін қадам деп қабылдаса, енді бірі күнделікті ақша аударымдары да тексеріле ме деп алаңдап отыр. Azattyq Rýhy Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінен көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Кімдердің мобильді аударымдары тексеріледі
Комитеттегілердің айтуынша, қазір кейбір кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін тауар мен қызмет ақысын бизнеске арналған арнайы шотқа емес, өздерінің жеке шотына мобильді аударым арқылы қабылдап жүр. Осыған байланысты салық органдары заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкеден шығару үшін мобильді аударымдарды бақылауға көшпек. Яғни адамдардың бизнеске арналмаған, яғни жеке шотындағы аударымдар ғана бақыланады.
«Бақылау шарасы адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Сондай-ақ жеке тұлғалар өзінің жеке қажеттілігіне қарай мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Мысалы, туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты жасалған аударымдар бақылауға алынбайды», - деп түсіндірді салық органдары.
Үш ай қатарынан 100 немесе одан көп адамнан жеке шотына мобильді аударым қабылдаған жеке тұлғалар ғана салық органдарының назарына ілігеді. Яғни ай сайын кемі жүз адамнан және ол үш ай қатарынан қайталанған жағдайда ғана тексеріс басталады. Бұл ретте бір адамнан бір айда 100 аударым түсуі мүмкін, бірақ ол 1 адам болып есептеледі.
Қазір заң бойынша, егер жеке тұлғаның өз кәсібінен бір жылда тапқан табысы 12 ең төменгі жалақыдан көп болса (яғни 1 020 000 теңге), ол міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Ал енді Мемлекеттік кірістер комитеті осы ережені өзгертуді ұсынып отыр.
Жаңа ұсыныс бойынша: егер бір адам өзінің жеке шотына 3 ай қатарынан, әр айда 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан мобильді аударым арқылы ақша алса және осы қаражаттың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (биыл 1 020 000 теңге) асып кетсе, онда ол адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс.
Мысалы, егер сізге айына 20-30 адамнан 1 млн теңгеден астам ақша түссе, ешқандай тексеріс болмайды. Ал егер сізге айына 150 адамнан ақша түсіп тұрса және бұл 3 ай қатарынан жалғасса, қаражаттың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асып кетсе – онда салық органдары сізді жеке кәсіпкер ретінде тіркеу керек деп есептейді.
Банктер осы үш талап қатар орындалған жағдайда ғана жеке тұлға туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Осыдан кейін мемлекеттік кірістер органдары камеральдық бақылау жүргізіп, соның нәтижелері бойынша әлгі адамға хабарлама жібереді. Егер адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапқан табысын декларацияда көрсетіп, 10% жеке табыс салығын төлейді.
Қайырымдылықтан түсетін ақша
Мемлекеттік кірістер комитеті қайырымдылық мақсатында, яғни ауыр науқастың еміне немесе өмірде қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету үшін жиналған ақшаға салық салынбайтынын атап өтті. Себебі бұл кәсіпкерлік емес.
«Қайырымдылық туралы» заңға сәйкес, волонтерлер қайырымдылық ұйымы немесе мұқтаж адамның пайдасына ақша жинай алады. Бірақ олар ақша жинағаны туралы есеп беруге міндетті.
«Алайда ақшаны мобильді аударым арқылы жинаған жеке тұлға белгіленген өлшемшарттан асқан жағдайда, екінші деңгейлі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жеке тұлғаға қатысты мәлімет беріледі. Тиісінше, алынған мәлімет бойынша Мемлекеттік кіріс органы тарапынан жеке тұлғаға хабарлама жолданады. Бұл жағдайда, жеке тұлға мобильді аударымдарды кәсіпкерлік үшін қолданбағанын, яғни қайырымдылық негізінде пайдаланғанын растайтын құжаттарды көрсетуі керек», - деп мәлімдеді комитет.
Яғни жеке шотқа қайырымдылықтан мобильді аударымдар арқылы көп ақша түссе, әлгі адам салық органдарына мұның қайырымдылықтан жиналғанын дәлелдеуге тиіс.
Той-томалақтағы ақшалай сыйлық
Кірістер комитеті той-томалақ кезінде той иелерінің шотына көп адамнан ақша түсуі де кәсіпкерлікке жатпайтынын, өйткені ол табыс табу мақсатында жасалмағанын атап өтті.
Бақылаудың негізгі шарты – мобильді аударымдардың саны емес, ақша жіберген адамдардың саны. Яғни, бір адам бір ай ішінде бірнеше рет ақша жіберсе де, ол 1 адам болып есептеледі. Сондықтан той кезінде бір айда 100-ден аса адамнан ақша түскені үшін салық салынбайды. Себебі бұл тек бір реттік жағдай, ал бақылау қатарынан 3 ай бойы қайталанса ғана жүргізіледі.
Жеке шотын бизнеске пайдаланатындар қалай жазаланады
Егер кәсіпкер тауар не қызмет ақысын арнайы бизнес-шотқа емес, жеке шотына аудартса, ол заң бұзған болып есептеледі.
Мұндай жағдай бірінші рет анықталса, оған тек ескерту жасалады. Егер қайталанса, 40 АЕК (қазір 157 280 теңге) айыппұл салынады.