$ 537.63  622.52  6.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.08.2025, 18:21
Қоғам

«Кітап оқитын ұлт»: Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу жобасы бастау алды

«Кітап оқитын ұлт»: Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына енгізу жобасы бастау алды
Жобаның постері

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдау мақсатында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті достар! Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттікке кіріскен алғашқы күндерден бастап зияткер ұлт қалыптастыру бойынша ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы білім – жаһандану жағдайында еліміздің табысқа жетуінің басты факторы екенін түрлі алаңдарда үнемі айтуда. Аталған міндеттемелерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі – кітап оқу. Сондықтан да президентіміз Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «...озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өтті», – деп жазды Ерлан Қошанов.

Ол сөз арасында мемлекет басшысының саясатын қолдау мақсатымен «AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосқанын, жоба аясында отандық баспагерлер мен жазушыларды қолдау, олардың туындыларын ілгерілету мен насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын және қазіргі уақытта еліміз бойынша жергілікті партия филиалдарында 24 кітап орталығы жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті.

«Партия бастамасымен жаңадан қабылданған «Салық кодексінде» отандық баспагерлер үшін қосымша құн салығы алынып тасталды. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеру және еліміздің барлық аймағындағы кітапханаларды қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп келеді. Отандық жазушылар мен ақындарды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Ұлы дала» шығармашылық байқауы әдебиет әлемінде жаңа есімдер мен шығармалардың пайда болуына ықпал етуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Сонымен бірге партия биыл оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар ауқымын кеңейту үшін «Кітап оқитын ұлт» жаңа жобасын бастап жатыр. Оның мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына енгізу», – деп жазды «AMANAT» партиясының төрағасы.

Айтуынша, жоба алғашқы кезеңде Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында пилоттық режимде іске қосылады. Соның аясында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілер «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» аталымдары бойынша жарысады.

Жобаға қатысушылар жауапты министрліктер мен түрлі сала сарапшыларының қатысуымен қазақ тілінде және орыс тілінде 150 кітаптан іріктелген. Аталған кітаптың ішіне «100 кітап» Жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған 43 кітап енгізілген. Олардың ішінде – Абай Құнанбайұлының қара сөздері, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы және Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен тер» сынды еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Қатысушылар әр аталым бойынша 15 кітаптан оқуы тиіс. Ерекше айта кетерлігі, «Кітап оқитын мектеп» аталымында 75 кітап бөлінген. Мұның себебі, әр сыныпқа 15 кітаптан қарастырылған.

Партия байқауының жеңімпаздары әр аталым бойынша қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.

Пилоттық жоба аясында үш аймақта 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Келер жылы жоба еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылады.

«Қадірлі достар! Әр кітап – жәй ғана тарих емес, ол жаңа білім, бастамалар мен тың ойларға жасалған қадам. Біз «Кітап оқитын ұлт» байқауы арқылы қазақстандықтарды күн сайын кітап оқып, шабыттанып өсуіне, алға жылжуына жол ашқымыз келеді. Кітап оқу – біздің қоғамымызды бәсекеге қабілетті әрі мықты етуге, ал мемлекетімізді – дамыту жолындағы алтын кілтіміз. Байқаудың барлық қатысушыларына сәттілік тілеймін!» – деп жазды «AMANAT» партиясының төрағасы.

Серіктес жаңалықтары