Ақжелек қауіпті індетке ем бола ма: «хреннің» пайдасы мен зияны

Елімізде карантин басталғалы бері ақжелекке деген сұраныс күрт артқан

Ақжелек қауіпті індетке ем бола ма: «хреннің» пайдасы мен зияны

Соңғы кезде ақжелек тамырына деген сұраныс күрт артты. Басты себеп – әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде аталған өсімдіктің коронавирус пен пневмонияға ем болатын керемет шипалық қасиеті жайында желдей ескен жарнама. Бірі тұнба жасап тұтынғанын, екіншісі тамырдың өзін жегенін жарыса айтады. Пандемия басталған сәтте халық зімбір мен сарымсақты жаппай сатып алса, енді көпшілік назары ақжелекке түсті. Azattyq Rýhy тілшісі өсімдік тамырының қандай құпиясы барын мамандардан білген еді.

АҚЖЕЛЕК САУДАСЫ ӨРГЕ БАСТЫ

Бұған дейін тиын-тебенге саудаланатын ақжелек тамырының бағасы шарықтап тұр. Өйткені, сұраныс көп. «Olx.kz» сайтынан іздей қалсаң, ұсыныстың да көптігінен көз сүрінеді. Әр саудагердің өз бағасы бар. Телефон арқылы хабарлассаң, оның коронавирсуқа ем болатынын айтып, тұнба жасап, пайдалану әдісін де айтып береді.

Ақжелек сатып, нәпақасын еселеп отырғандардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Людмила Попурина. Өзі оның коронавирус пен пневмонияға ем болатынына сенбейді. Тек ақжелен тамырын іздейтіндер көбейгендіктен саудалайтынын айтады.

«Көпшілік ақжеленнің коронавирусқа ем екенін айтып жатыр. Өтімді тауар болған соң, сатамын. Бұған дейін көпшілік оны қызанақ пен қияр тұздағанда қосу үшін, тағы басқа тағамдармен тұтыну үшін алатын. Мен пандемияға дейін де ақжелектің тамырын да, сабағын да көп пайдаланатынмын. Анам мен 8 жаста болғанда саяжай сатып алды. Содан бері бұл көкөніс дастарханымыздан үзілген емес. Өйткені ол дәрумендерге бай және астың дәмін келтіреді. Ал оны емдік қасиеті бар деп тұтыну – әбестік. Ауру дәрі-дәрмексіз жазылмайды. Сондықтан медикаментозды емді ысырып қоюға болмайды»,  - дейді ол.

ДҰРЫС ЖАСАЛМАҒАН ЕМ – АУРУДАН ДА ҚАУІПТІ

Пандемия басталғалы коронавируспен арпалысып, науқастарды сырқатынан арашалап жүрген дәрігер Данияр Бейсембаев ақжелектің пайдасын жоққа шығармайды.

«Қазір науқастар дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекпен қатар, халық емін де жасайды. Соңында оның неден тәуір болып шыққанын дөп басып айту қиын. Вирусты адам ағзасы өзідігінен жеңіп шығуы, дәрі-дәрмектің немесе халық емінің пайдасы тиюі мүмкін. Коронавирсты емдеуде ақжелектің пайдасы бар», - дейді ол.

Дегенмен, маман қауіпті індеттің емі екен деп, вирусқа қарсы тұрады-ау деген дәрілердің барлығын қабылдай беру – аурудан да қауіпті екендігін айтады.

«Бастысы адам жасалып жатқан емнің шипасы болатынына сенуі керек. Сонда ғана сырқатынан айығады. Адамдардың басым көпшілігі ауырып қалса, үрейге бой алдырады. Қай танысы қандай кеңес берсе, барлығын орындай береді. Ватсапта қандай дәрі-дәрмек жарнамаланса, соны сатып алуға дәріханаға жүгіреді. Әсіресе үйде емделіп жатқандар уыстап дәрі ішеді. Дәрігерлерге оны бақылау қиын. Медицина қызметкердерінің арасында да қолына түскен екпені егіп, дәрі іше беретіндер көп. Керек пе, жоқ пай үйде барды қабылдай бастайды. Бәрін іше бергеннен адамның денсаулығы жақсармасы анық», - дейді Данияр Жұмабайұлы.

АРТЫҚ ҚЫЛАМ ДЕП, ТЫРТЫҚ ЕТПЕҢІЗ...

Ақжелекті дұрыс тұтынбау – денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Петропавл провизорлық стационарында ем алып жатқан Жаңылсын Ыдырыс оның зардабын тартқандығын айтады.

«Сырқаттана бастаған күннен ақжелек тамрынан тұнба жасап іштім. Дәрі-дәрмекпен бірге сарымсақ пен пияз тұтынуды да көбейттім. Салдарынан жамауыма тағы бір жыртық қостым. Асқазаным ауырып қалды. Ағзам әлсіз болғасын ба, ауру асқынып, пневмонияға ұласты. Қазір ауруханада ем қабылдап жатырмын. Жағдайым біршама жақсарып қалды», - дейді ол.

Биолог маман Гүлжан Есімсейітова шын мәнінде ақжелектің түрлі дәрумендер мен эфирлік майларға бай екендігін айтады. Оның құрамындағы заттар адамның имундық жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді. Тек пайдалану тәсілін білген жөн.

«Ақжелектің тамыры, сабағы, жапырағында эфир майлары бар. Оның шырыны лизоцим ферментіне бай. Ол барлық микробтарды жойып жібереді. Және аталған өсімдік сабағының құрамында аскорбин қышқылы көп. Мәселен, лимонда болатын аскорбин мөлшерінен 5 есе жоғары. Тамырында калий, кальций, магний, күкірт, фосфор  элементтері бар. Сондықтан ақжелек микробиология саласында кеңінен пайдаланылады. Қазір пандемия кезінде оны қолданып жатқандар көп. Оның теріс жақтары да баршылық. Оның сөлін көп ішетін болса, адамның асқазанын күйдіріп тастауы мүмкін. Сондықтан оның пайдалану мөлшерін білу керек», - дейді маман.

Екатерина Ашимова дертінің шипасын ақжелек тамырынан тапқанын айтады. Екі апта бойы ине салдырып, система қабылдағынынан қайыр болмаған. Қос өкпесі қабынып, тыныс ала алмай деміккенде тамырды жеп аман қалғанын жасырмады.

«Сырқатым ауыр болды. Екі апта бойы антиобитиктің екі түрін қабылдадым. Дәрі-дәрмек іштім. Дене қызуым түспей қойды. Таныстарымның бірінің кеңесі бойынша ақжелек тамырын жедім. Әсерін лезде сезіндім», - дейді ол.

Екатеринаның басынан өткен жағдай сынды мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тек артық қылам деп, тыртық етіп алмаңыз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.