Астанада бес бала адасып кеткен: бұған Ұлттық ұланның қандай қатысы бар
Қатардағы сарбаздар бүлдіршіндері тауып, ата-анасына тапсырған

Демалыс күндері Астананың әр ауданында әртүрлі жастағы бес бала жоғалып кеткен. Ұлттық ұланның сарбаздары ата-аналардың өтінішін жерге тастамай, балаларын тауып берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық ұланның мәліметіне сүйенсек, демалыс күндері патрульдік қызмет атқарған Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери жасақтары қырағылық танытып, адасып қалған бес баланы тауып, ата-анасына аман-есен табыстаған.
«Сарыарқа ауданын патрульдеп жүрген Дамир Сәрсенов пен қатардағы Нұрлан Медемин және Ерасыл Пернебекұлы бастаған әскери жасақ үш жасар баланың жалғыз жүргенін байқап, дереу әрекет етті. Жауынгерлер бүлдіршіннің ата-анасын іздеп тауып, әкесіне тапсырды. Ал Есіл ауданында жүрген Қайрат Мұратбек пен Арман Амангелді баласын таба алмай жүрген әкені көріп, оны тауып берген. Дәл сол күні Сарыарқа ауданында тағы үш бала адасып қалған. Патрульдік топ бастығы кіші сержант Аллаберген Авкей жалғыз жүрген 11 жасар баланы байқап, анасына қайтарған», - деп жазады Ұлттық ұлан.
Бұдан өзге қатардағы сарбаздар кешқұрым адасып жүрген 8 жасар қызды байқап, ата-анасына аман-есен табыстаған екен.