Алматы әуежайында өзін-өзі өртеген жігіттің қорқынышты видеосы тарады
Ол авиатур агенттігінің бөлімшесіне келіп, әлдекіммен сөйлескен

Әлеуметтік желіде парақшасы бар Гүлмира Сәдуақасова есімді азаматша Алматы әуежайында өзін өзі өртеп жіберген жігіттің видеосын жүктеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Өз профилінде авиатуристік агенттікте жұмыс істеймін деп жазған Сәдуақасова ол жігіт агенттіктің бөлімшесіне келіп, телефонын сұрағанын айтты.
«Ол бөлімшеге кіріп, біреуге телефон соға бастады, рейске үлгермей жатқанын айтты. Сөйтті де үстіне бензин құйып, айналасына бензин шаша бастады. Біздің агентіміз ол адамға «сыртқа шығыңыз» деген, бірақ ол керісінше, агенттің өзін сыртқа шығарып жіберген. біздің қызметкеріміз салқынқандылық танытып, байбаламға салынған жоқ. Жігіттің басынан қандай жағдай өткені белгісіз, бірақ, ол келгенде бензин құйып әкелген», - дейді ол.
Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, жігіт пен авиатур агенті жанжалдаспаған. Ол тек телефон сұрап, біреуге қоңырау шалған.
«Біз оны танымаймыз, ол тек біздің қызметке жүгінген клиент. Агент екеуінің арасында жанжал болмаған», - деп хабарлаған ол.
Естеріңізге салайық, 25 тамыз күні Алматы әуежайында ішкі рейстер терминалы кассасының жанында ер адам өзін өртеп жіберген. Полицияның ақпаратынша, ер адамның мұндай қадамға баруына сүйіктісімен жанжалдасып қалуы себеп болуы мүмкін. Бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасы ол адамның ауыр хәлде жатқанын мәлімдеді.