Чемпиондар лигасына жол ашқан қақпашы Темірлан Анарбеков туралы не білеміз
«Қайрат» - «Селтик» матчының қаһарманы Темірлан Анарбеков ұлттық құрамада әлі ойнаған жоқ

21 жастағы «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикпен» қарымта матчтың басты қаһарманы атанып, алматылық клубтың тарихи жетістікке жетуіне көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Sports.kz-тің мәліметінше Анарбеков Атырау облысындағы Водников ауылында дүниеге келген. Жастар деңгейінде ол 2017 жылға дейін «Атырау» сапында ойнады, содан кейін «Қайрат» академиясының ойыншысы болды. Темірлан 2020 жылы негізгі құрамдағы дебютін жасады, бірақ бір ғана матч өткізіп, «Қайрат-Жастарға» барды – ол жастар құрамасында үш жыл ойнады. Қақпашы өткен жылды «Жеңіс» клубында өткізді.
Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымында Темірлан Анарбеков «Қайрат» сапында алты ойын өткізді.
«Қақпашының Чемпиондар лигасындағы «жұлдызды сәтіне» келетін болсақ, ол Александр Заруцкий жарақат алған «Селтикпен» (0:0) сырт алаңда өткен ойынның 75-минутында қосалқы құраммен алаңға шықты», - деп жазды портал.
Алматыдағы қарымта ойында Анарбеков бес ғажайып сейв жасап, одан кейін пенальти сериясында «Селтик» ойыншыларының үш соққысын қайтарды. «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне тарихта алғаш рет қатыспақ.
«Қайрат» сапында Темірлан Анарбеков Қазақстан чемпионы, сонымен қатар ел Кубогы мен Суперкубогының иегері атанды. Сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі жастағы (U-17, U-19, U-21) құрамасында ойнаған – барлығы 15 кездесу өткізді. Темірлан ұлттық құрама сапында әлі дебют жасаған жоқ.