$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.07.2020, 15:13
Қоғам

Алматыда дәрі-дәрмек жеткізушілерге пайызсыз 5 млрд теңге несие берілмек

Қарыз 6-8 ай мерзімге пайызсыз беріледі

Алматыда дәрі-дәрмек жеткізушілерге пайызсыз 5 млрд теңге несие берілмек

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook-тегі парақшасында дистрибьюторлық компаниялар және дәріханалар желілері басшыларымен кезекті кездесуді жедел жағдайды әрі дәрі-дәрмек препараттарына деген сұранысты қамтамасыз етудің қажетті шараларын талқылау мақсатында өткізгенін жазды.

«Таңертең дәрілік препараттарға сұранысты қамтамасыз ету және жедел жағдай бойынша қажетті шараларды талқылау үшін фарминдустрия өкілдерімен кезекті кездесу өткіздім. Келіп түскен дәрі-дәрмектер дәріхана сөрелеріне бір тәуліктің ішінде қойылады. Бүгін Ресейден препараттардың ірі партиясы келеді.

Шамамен, 55 тонна дәрілік заттар, соның ішінде COVID-ке қарсы – ыстықты түсіретін және антикоагулянттар бар. Шілде айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 4,2 млн қаптамасы жеткізіледі деп күтілуде», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Қала әкімі қол қойылған меморандум аясында қаланың барлық аудандарындағы 105 дәріханаға өте қажет препараттардың 41 түрі тұрақты жеткізілетінін еске салды. Қала әкімі дәрі-дәрмектің тұрақты қорын жасау жөніндегі жобаны жүзеге асыру туралы айтты.

«Келесі қадам – дәрілердің тұрақтандыру қорын құру. Дәрі-дәрмек жеткізушілерді 6-8 ай мерзімге пайызсыз несиелендіру үшін 5 млрд тг бөлінді. Бұл – дәрі-дәрмектерді ағымдағы баға бойынша сатып алып, нарықтың құбылмалы жағдайына байланысты біртіндеп пайдалануға беру үшін жасалды», — деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінгі күні қаланың 105 дәріханасында және жеткізушілердің қоймасында әлеуметтік маңызы бар 1,8 млн дәрі-дәрмектер қаптамалары, оның ішінде 1 млн парацетамол, 377 мың аспирин, 221 мың ибупрофен, 75 мың азитромицин, 27 мың амоксиклав және басқа дәрілер, сонымен қатар, дәріханаларда 5928 термометр бар.

Серіктес жаңалықтары