$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.07.2020, 12:33
Қоғам

Коронавирустан адамдар шыбындай қырылып жатқан жоқ – мәйітхана дәрігері

Патологоанатом мәйітхана алдындағы дүрбелеңнің себебін түсіндірді

Республикадағы облыстар мен ірі қалалардағы мәйітханаларда марқұм болған туыстарының денесін алуға кезекке тұрған адамдардың қарасы әлі де таусылар емес. Әсіресе, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласының мәйітханаларында көпшілік тәуліктеп кезек күтуде.

Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы мәйітхананы көзбен көріп, патологоанатомиялық бюроның сарапшы дәрігері Сергей Владимирович Лигаймен сұхбаттасып қайтқан еді.

Біз барған Нұр-Сұлтандағы мәйітханада Алматыдағыдай кезек жоқ. Ондағы мамандардың айтуынша, ұзын-сонар кезек түске дейін болып кеткен.

«Біраз уақыт біз карантинде болдық, осы соңғы күндері ғана мәйіттер саны бұрынғымен салыстырғанда көп болып жатыр. Бірақ Алматыдағыдай дүрбелең жоқ. Тек анализдермен ғана әуре-сарсаңға түсіп, уақыт жоғалтып жатырмыз», - деді ол.

ДҮРБЕЛЕҢ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҮЛГЕРМЕУІНЕН ТУЫНДАҒАН

Сергей Лигай Алматыдағы дүрбелең тексерісті дәрігерлердің жылдам жасай алмауы мен мәйіттің денесін алуға бір үйден бірнеше адамның келуі себеп болып отыр дейді.

«Алматыдағы дүрбелең дәрігерлердің тексерісті дер уақытында жүргізе алмауынан туындап отыр. Ал, коронавирустан адамдар шыбындай қырылып жатыр деген бос сөз. Әрбір көз жұмған науқасты дәрігерлер жіті қарайтын болғандықтан, көп уақыт кетеді. Ал туыстары бәрінің тез бола қалғанын қалайды. Бұрында көз жұмған адамдар саны осындай болған, қазір де қатты бір өзгеріс жоқ», - дейді сарапшы дәрігер.

ДӘРІГЕРЛЕР МӘЙІТТЕР СТАТИСТИКАСЫН АЙТУДАН БАС ТАРТТЫ

Соңғы аптада түскен мәйіттер статистикасын сұрағанымызда, ондағы мамандар жауап бере алмайтындарын алға тартты.  Ал адамдардың мәйітті тәуліктеп ала алмауын құжаттардың ұзақ дайындалуымен байланыстыруда.

«Статистикаға біз жауап бере алмаймыз. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қатты бір өзгеріс жоқ. Адамдар мұның инфекциялық ауру екенін түсінулері тиіс, себебі, бұл ауруға құжаттар жан-жақты сараптамадан өтіп барып беріледі. Дәрігер өлім эпикризі туралы анықтама жазады, осыдан кейін біз санэпидемия қызметіне есеп беріп, содан кейін ғана марқұмның өлгені туралы анықтамамен мәйітін жақындарына береміз»,- деді аты-жөнін айтудан бас тартқан құжаттарды беру бөлімінің дәрігері.

Марқұмдар мен олардың туыстарына «құрметпен қарап» жатырмыз деген мәйітхана мамандары адамдарды түсіністік танытуға шақырды.

«Әдетте, біздің жұмыс күніміз кешкі 17:00-ге дейін болатын болса, қазір елдегі ахуалға байланысты тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Марқұмдардың жақындарын көргенде біздің де жанымыз ауырады. Бұл жалпыұлттық қаралы жағдай болған соң, марқұмдардың денесін туыстарына тезірек беруге тырысудамыз. Сол себепті, келушілер де біздің жұмысымызға түсіністік танытып, жөнсіз байбалам сала бермесе», - деді маман.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары