Сарыағашта 311 мұғалім сырқат балаларға «сабақ үйреткені» үшін жазаланды
Шын мәнінде, олар емделіп жатқан балалардың үйіне барып сабақ бердік деген жалған құжат ұсынған

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы инклюзивті білім беру саласында Еңбек және Бюджет кодексінің талаптарын бұзған 311 қызметкерді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында анықталғандай, ауданда 23 мектептің мұғалімдері ерекше қажеттілігі бар 64 баланы үйден оқытуы керек еді. Бірақ, балалар әртүрлі себептермен сабақ үйренбеген, ал ұстаздар болса өтірік жалақы алған.
«Бұл балалар еліміздің әр өңіріндегі ауруханаларда ұзақ уақыт бойы ем қабылдап жатқан. Яғни, үйде сабақ оқымаған. Соған қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін жалақы төленген. Мысалы, №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емдеуде болғанына қарамастан, мұғалімдер оны «оқытқаны» үшін 319 101 теңге алған», - деп хабарлайды прокуратура.
Жалпы заңсыз төлем көлемі 4 255 997 теңгеге жеткен. Ақша бюджетке қайтарылып, білім беру саласының 311 қызметкері тәртіптік жазаға тартылған.