Саммит ШЫҰ-ның тарихи жаңа дәуірін ашқалы отыр – сарапшы
Астана саммитінде ШЫҰ инвестициялық қорын құру туралы шешім қабылданады
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен елордада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстан үшін неге маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшының айтуынша, ШЫҰ-ға мүше болу Қазақстанға халықаралық саясатқа қатысуға және қауіпсіздік, тұрақтылық, дамуға қатысты, аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша әлемдік саясатта өз орнын бекітуге мүмкіндік береді. Ал экономикалық тұрғыдан Қазақстанның ұйым мүшелерімен екіжақты байланыстарының нығаюына, яғни сауда-саттықтың өсуіне, эконмикалық байланыстардың кеңеюіне, инвестиция тартуға септігін тигізеді. Онымен қоса ұйымға мүшелік қауіпсіздік саласында да аса маңызға ие.
«Жалпы ШЫҰ-ға мүшелік ету Қазақстанға қарым-қатынастың, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашады. Мысалы, Астанада өтетін саммит аясында бірқатар маңызды шешім қабылданбақ. Бұл саммит ұйымның құрылымының өзгеруіне, оның дамуына үлкен серпін береді. Тарихи жаңа дәуірін ашқалы отыр деп те айтуға болады. Мысал келтірсек, ұйымға алғаш рет, енді ол халықаралық жағдайға байланысты шығар, араб, түркі елдерінің өкілдері қатысады. Он мыңға жуық делегат келгелі отыр. Ұйымның бас тақырыбы тікелей тұрақты дамумен байланысты. Яғни бұл әлем елдерінің, Еуразия елдерінің диалогқа, ынтымақтастыққа ұмтылысының бірден бір көрсеткіші», - деп санайды Бауыржан Әукен.
Оның айтуынша, саммит барысында ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданады. Сонымен қатар есірткі айналымына қарсы күрес бойынша 2029 жылға дейінгі бірлескен стратегияға қол қойылады.
«Тағы бір бағыт – ШЫҰ алдында ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Сондықтан жобалық іс-шараларды орындау үшін Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының инвестициялық қорын құру туралы шешім қабылданады. Бұл тікелей қаржылық қолдау мүмкіндіктерін ашады. Яғни практикалық тұрғыдағы нақты жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді сарапшы.
Инвестициялық қор құру туралы бастаманы Қазақстан көтерген.
«Бұл бастама тікелей ШЫҰ-ның трансформациясының бірден бір көрсеткіші деуге болады», - дейді Бауыржан Әукен.
Тағы бір маңызды бағыт – мәдени-гуманитарлық байланыстар. Саммит ұйымға мүше елдер мен халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
«Мысалы биыл 26 сәуірде Түркістан қаласында «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Бұдан бөлек төрағалық ету кезінде Алматы ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды. Сәйкесінше көптеген мәдени іс-шара өткізілді», - деп атап өтті ол.
Сарапшы Астанадағы саммит әлем елдері және Еуразиядағы елдер үшін бірден бір диалог алаңына айналып отырғанын айтады. Президенттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары жиналып, диалог құру арқылы ынтымақтастыққа келуге тырысады, ал көпжақты форматтағы келіссөздердің екіжақты қарым-қатынасқа әсер ететіні сөзсіз.
«Әлбетте бұл үрдістің тек қана позитивті тұсын көруге болады. Себебі диалог болған жерде көптеген мәселе қаралады және ортақ шешімдерге келе алады», - деп есептейді сарапшы.