Сарапшы ШЫҰ аясында қандай келісімдерге қол қойылуы мүмкін екенін айтты

Аягөз Құрмаш

Ол Қытаймен қарым-қатынастың тиімділігіне тоқталды

Сарапшы ШЫҰ аясында қандай келісімдерге қол қойылуы мүмкін екенін айтты
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының  Азия зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев Шанхай ынтымақтастық ұйымында жүзеге асырылатын құжаттар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қытай халық республикасы төрағасының келуі біз үшін өте маңызды. ҚХР төрағасы 2013 жылдан бері елімізге 5 мәрте келіп отыр. Біз үшін экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қазақстан Қытай үшін өте маңызды болып отыр. Себебі Қытай мен Еуропа арасындағы континенталды тасымалдың 80 пайызы еліміз арқылы өтеді. Сондықтан бізбен байланыс орнату, Орталық Азиядағы тұрақтылық қазақ-қытай үшін маңызды», - дейді Құрмашев.

Сарапшының айтуынша, еліміздің экономикалық өсімі Қытаймен байланысты одан әрі жалғастырып, ұлғайтуға жол ашады.

«2023 жылмен салыстыратын болсақ, екі ел арасындағы сауда айналымы биыл 31 пайызға өсіп, 41 млн долларға жетті. Болашақта екі мемлекет сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл- өте үлкен көрсеткіш. Мысалы, Қытай мен Ресей арасындағы сауда айналымы 200 млрд долларға жеткен. Оның жартысындай көрсеткішке Қазақстан жетпек. Экономикалық байланыстармен қатар мәдени, гуманитарлық байланыстар да қарқынды артуда. Визасыз режимнің енгізілуі де ғалымдар мен сарапшылардың келуіне жол ашып отыр. Қытайдағы көптеген технологиялық орталықтарға жол ашылды. Қазақстандықтар оларға «Болашақ» сынды бағдарламалар арқылы қатыса алады. Бұл біз үшін тиімді. Экономиканы арттыру үшін бізге адами каптал қажет. Мамандарды Қытайдан тарта аламыз», - дейді ол.

Айдар Құрмашев атағандай,осы күнге дейін көптеген әуежол ашылды, «Алматы-Сиань» бағыты бойынша туристік теміржол тасымалы  пайда болады.

«Бұл екіжақты туристердің ағынын арттырады деп ойлаймын. ШЫҰ аясында бірқатар құжатқа қол қойылады. Оның ішінде энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясының құжаты қабылданады деген жоспар бар. ШЫҰ тиімділігін арттыру бойынша бастамалар да құжатқа айналады деген үміттеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасының құжатына да қол қойылуы күтіліп отыр», - дейді сарапшы.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.