$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.10.2022, 09:11
Саясат

Бүгін Астанада Ердоған мен Путин кездеседі. Тараптар не талқылауы мүмкін?

Түркия президенті Батыс елдері мен Ресей арасында келіссөз жүргізуге ниетті

Бүгін Астанада Ердоған мен Путин кездеседі. Тараптар не талқылауы мүмкін?
РИА Новости

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-саммиті бүгін Астанада басталады. Аталған жиын аясында Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кездеседі деп күтілуде. BBC Russia агенттігінің жазуынша, тараптар ең алдымен Украинадағы соғысты талқылауы мүмкін.

Соңғы айларда Түркия Ресей-Украина соғысын тоқтатуға, екі тарапты келісімге келуге үгіттеп жатыр.

Ресей мен Батыс елдерінің келіссөздері бола ма?

Осыдан бірнеше күн бұрын Түркия-ЕО парламентаралық комитетінің төрағасы Эмрах Карайель Ресей мен АҚШ, Франция, Германия және Ұлыбритания арасында келіссөз жүргізуді ұйымдастыру ниетте екенін айтқан болатын. Ол сондай-ақ, бұған дейін Түркияның Ресеймен жүргізілген келіссөздері нәтижесінде Украина астығын еркін тасымалдауға қол жеткізгенін еске салды.

Milliyet басылымының жазуынша, Түркия жаңа келіссөз туралы бастамасын АҚШ билігіне жеткізген. «Бұл жоспар барлық елдің басшыларына толық жеткізілген жоқ. Десе де, АҚШ-қа айтылды», - делінген аталған мақалада. Тіпті, Вашингтон бұл ұсынысқа қарсы емес екенін де құпия дереккөздеріне сүйене отырып жазды. Ал, Киев болса Путинмен кез келген келіссөздің жүргізілгеніне түбегейлі қарсы.

Украина жерінің 15 пайызын басып алған Ресей билігі келіссөз жүргізуге дайын екенін бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген. Ал, Астанада Ердоған мен Путин арасында осы мәселе қаралатынын РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков жоққа шығармады.

Қазақстанда өтетін саммитте Ердоған мен Путин Украина астығының тасымалы туралы да сөз қозғауы мүмкін. Өйткені, «бидай келісімінің» мерзімі биыл қараша айында аяқталады. Ал, Батыс бұл келісімді Түркия арқылы одан әрі созуға ниетті. Өйткені, Ердоғанның Путинмен достық қарым-қатынасы осы келісімнің орнауына септігін тигізген.

Еске салсақ, жуырда ғана Түркия президентінің араласуымен Ресей мен Украина тұтқындармен алмасты. Киев Мәскеуге Путиннің жақын адамдарының бірі Виктор Медведчукті қайтарса, орыстар бірнеше айдан бері тұтқында жатқан 215 сарбазды берді.

Ердоған сайлауға дайындалып жатыр...

Режеп Тайып Ердоғанның Ресей мен Украина арасына арағайындық танытып жатуын журналистер алда болатын президенттік сайлаумен байланыстырады. Ердоған өзінің көшбасшы екенін және аймақтағы маңызды ойыншы екенін көрсетуге тырысуда дейді Би-би-си журналисі Едже Гөкседеф. «Бидай келісіміне» қол жеткізген кезде АҚШ Ердоғанға ерекше алғыс айтқан. Бұл оның халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті.

Алайда, Түркия президентіне қазір ең алдымен елдегі қаржы дағдарысын еңсеру керек дейді журналист. Ол үшін Ресеймен сауда-саттық қатынасын қайта қалпына келтіру қажет. Соңғы уақытта елде Батыс инвестициясының көлемі айтарлықтай азайған. Ресми Анкара оның орнын Қытай мен Ресей инвестициясымен жабуды көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары