$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2020, 17:24
Саясат

80-ге таяған сенатор, соғыс ардагері және гей: АҚШ Президенттігіне үміткерлер

Бүгін Нью-Гэмпшир штатында президенттік праймериз өтті

80-ге таяған сенатор, соғыс ардагері және гей: АҚШ Президенттігіне үміткерлер
Фотоколлаж

АҚШ-та кезекті Президент сайлауы алдында демократиялық партия өкілдері арасында мылтықсыз майдан басталып кетті. Штаттар бойынша қажетті қол жинап, негізгі сайлауға қатысуға демократтар атынан 11 кандидат таласып жатыр. Ал Республика партиясынан Дональд Трамптан бөлек 3 үміткер бар.

Иә, 2020 жылы 3-қарашада Ақ үйдің 46-шы қожайыны анықталады. Жазда сайлауға қатысатын депутаттардың нақты, толық тізімі шығады. Әзірге, демократтардың өз арасындағы тайталас толастамай тұр. Сайлауалды жарыстың фавориті саналған бұрынғы вице-президент, 77 жастағы Джо Байден Айова штатында партия активистерінің жиналысында дауыс бойынша 4-орынға, бүгін Нью-Гэмпширда 5-ші орынға түсіп қалды.

Өткенде партияластары оған 15, бүгін 8% ғана дауыс берді.  Reuters агенттігі жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі Байденге деген сенімнің бұған дейін болмаған деңгейде түскенін көрсетті. Осылайша Трампқа лайықты бәсекелес деп саналған кандидаттың демократтар атынан негізгі науқанға өтуге деген мүмкіндігі күрт төмендеді. Себебі, сарапшылардың айтуынша, Нью-Гемпшир мен Айова сайлауалды кампанияда шешуші рөл атқаратын штаттар.

Сонымен, Джо Байден жарыстан шығып қалса, демократтар атынан кімнің Америкаға басшы болуға үміті бар? «Azattyq Ruhy» саяси салмағы басым, мүмкіндігі салыстырмалы түрде жоғары кандидаттарды бағамдап көрді.

БҰРЫНҒЫ МЭР - АШЫҚ ГЕЙ

3  ақпан күні Айова штатындағы алдын ала сайлауда кішкентай ғана Саут-Бенд қаласының экс-мэрі, көпшілік тани қоймайтын 38 жастағы Пит Буттиджич көш бастады. Алғашқы жарыста Джо Байден, Берни Сандерс секілді ауыр салмақты саясаткерлерді басып озған миллениалды экс-президент Барак Обаманың өзі «демократтардың жаңа жұлдызы» деп атаған. Буттиджич Гарвардта да, Оксфордта да оқыған. Ағылшыннан бөлек, норвег, испан, италиян, мальта, араб, дари, француз тілдерін біледі. 2014 жылы мэр болып жүргенде Ауғанстанға барып, әскери қызмет атқарған, шені – лейтенант. 

Буттиджич әзірше АҚШ тарихында өзінің дәстүрлі емес сексуалды ориентациясы туралы ашық мәлімдеген алғашқы Президенттікке үміткер. Ол осылайша, адамдардың бәрін «өзінің және жақындарының алдында ашық, адал болуға» шақырады. 2018 жылы Питт мектеп мұғалімі Частин Глазменмен бір жынысты некеге тұрды. Айовадағы алдын-ала дауыс беруде жеңіске жетсе де, көптеген сарапшылар американдықтар әлі «ашық гейді» Президент қылуға дайын емес деп есептейді.

78 ЖАСТАҒЫ СОЦИАЛИСТ

1941 жылы туған Берни Сандерс Айовадағы праймеризде екінші орын алса да, бүгін Нью-Гэмпшир штатында 25% дауыспен басқалардан оқ бойы озып тұр. Ол 2016 жылғы сайлауға да қатысып, негізгі науқанға жетпей, өз партияласы Хиллари Клинтоннан жеңіліп қалды. 2020 жылы Сандерс 79 жасқа толады. Егер сайлауда жеңіп кетсе, АҚШ тарихындағы ең кәрі президент атанады. Өзін социал-демократпын деп санайтын Сандерс сайлаушыларына тегін жоғары білім, тегін міндетті медициналық сақтандыруды енгізіп, сағатына төленетін минималды жалақыны $15 жеткізем деп уәде беріп жатыр. Өзін әлеуметтік теңсіздікке, Уолл-стриттің капиталдарды басқарудағы ықпалына, сексизмге, гомофобия мен нәсілдік дискриминацияға қарсы адам ретінде көрсетеді. Әкесі – Польшадан келген еврей-иммигрант. 1990 жылы Өкілдер палатасына депутат болып сайланып, содан бері әлі отыр. Бірінші әйелінен жалғыз ұлы бар. Екінші әйелімен бірге тағы үш баланы асырап алған. Абыройлы саясаткер болғанымен, жүріс-тұрысынан, түрінен, сөзінен қартайғаны білініп тұрады. 2019 жылы дәрігерлер оған жүрек талмасы бар диагноз қойды.

МАССАЧУСЕТСТЕН КЕЛГЕН «ӘЖЕЙ»

АҚШ-тың Массачусетс штатынан Сенатқа сайланған тұңғыш әйел, бүгінде 70-ке толып отырған Элизабет Уорреннің де Президент болатын ниеті бар. Оклахома штатында көп балалы отбасында дүниеге келген ол 12 жасынан даяшы болып жұмыс істеген. 2012 жылдан бері депутат. 2015 жылы Bloomberg агенттігінің әлемнің ең ықпалды әйелдері рейтингінде 19-орынға шықты. Уорреннің шыққан тегіне байланысты 2012 жылы үлкен дау болған. Парламент сайлауындағы бәсекелесі Скотт Браун оның ата-бабасы Американың байырғы тұрғындары – үндістер екеніне күмән келтіріп, қолдан құжат жасатып алды деп айыптады. 2018 жылы Стэнфорд университеті Уореннің арғы атасы үндістер екенін дәлелдеген зерттеудің нәтижесін жариялады.

Фото: Берни Сандерс және Элизабет Уоррен

Уоррен Президент болып, әлеуметтік теңсіздікпен, нарықтық экономикамен күрескісі келеді. Елді дамытатын орта тап өкілдері деп есептейді. Сайлаудағы ұраны – «Үлкен нәрсені армандап, аянбай күрес» (Dream Big, Fight Hard). Бүгін Нью-Гэмпширде 10% дауыс алды.

ИРАК СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

Демократтар атынан науқанға қосылған тағы бір әйел – Гавайи штатынан сайланған Конргесс депутаты Тулси Габбард. Ол – АҚШ тарихында индуистік дінді ұстанатын алғашқы, жалғыз конгресс мүшесі саналады. Полинезия аралының байырғы тұрғындары – самоа ұлтынан шыққан. АҚШ ұлттық гвардиясының майоры 2004-2006 жылдары Иракта әскери борышын өтеді. 2009 жылы әскери полиция взводын Кувейтке бастап барып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету миссияларына қатысты.

Бірақ 2012 жылы өзі Ирактағы соғысқа қарсы екенін, АҚШ-тың Таяу Шығысқа әскери кіргізуі үлкен қателік екенін ашық мәлімдеді. Иудаизмнің кришнаиттік бағытын ұстанатын Габбард туғаннан бері вегетариан. Махатма Гандиді үлгі тұтады. 2016 жылы Сириядағы жағдай бойынша Дональд Трамппен, одан кейін Сирияның өз Президенті Башар Асадпен жолығып, сынға ұшырауы, Хиллари Клинтонның «Ресейдің сойылын соғасың» деп айыптауы оның атын шығарды.

МИЛЛИАРДЕР ЖӘНЕ САЯСАТКЕР

Байлығы 1,6 млрд долларды құрайтын америкалық Том Стайер –  Farallon Capital инвестициялық қорының қожайыны. Ол Америкада, әсіресе, Трамптың импичментін ашық қолдағаннан кейін танымалдыққа ие болды. Содан кейін демократиялық партияны қолдауға 100 млн $ аударып тағы бір «ұпай жинады». Стайер 2012 жылы өз компаниясының біраз үлесін сатып, содан бері қоршаған ортаны қорғау бойынша белсенді жұмыс атқарды. Трамп секілді бизнес ортадан келсе де, оның кандидаттығына күмәнмен қарайтындар көп. Дегенмен бүгін Нью-Гэмпширде 3,6% дауыс жинап 6 орынға шықты.

БҰРЫНҒЫ ПРОКУРОР, БҮГІНГІ СЕНАТОР

Нью-Гэмпшир штатындағы праймеризде Миннесота штатынан сайланған сенатор Эми Клобушар да экс-вице-президент Джо Байденді басып озып, 3-орынға тұрақтады. Сенатта өзін либералды саясаткер ретінде көрсетті. Ауылшаруашылығын дамыту бойынша көптеген заңдарды қолдады. Сайлаушыларымен кездесулерде «Мен саясаттағы жаңа тұлғамын» (Fresh New Face) деп айтып жүр.

БАРАК ОБАМАНЫҢ БИЗНЕСМЕН ДОСЫ

Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы, 63 жастағы бизнесмен Деваль Патрик қажетті дауысты жинай алмай жатыр. Америкалық басылымдардың жазуынша, оны президенттік жарысқа қатысуға елдің экс-президенті Барак Обама көндірген.

Патрик Чикагоның кедей тұратын афроамерикандық ауданында туған. Гарвардтың әйгілі заң мектебінің түлегі. Массачусетс билігінен кеткен соң, Bain Capital инвестициялық компаниясының атқарушы директоры болды. Сайлауда жеңіп, Обаманың саясатын жалғастырғысы келеді.

КАНДИДАТТЫҚТАН БАС ТАРТҚАН КІМДЕР?

Белгілі кәсіпкер, тегі тайвандық Эндрю Янг пен сенатор Майкл Беннетт бүгін президенттік жарыс жолынан шығатындарын мәлімдеді. Осылайша демократ-үміткерлер саны 9-ға қысқарды. Янг сайлаушыларының алдында «Мен ұтпайтын жарысқа шығынданып, ақша құртқым келмейді» деп мәлімдеді. Янг Нью-Гэмпширде 7880 қол жинап, 8 орынға көтерілген еді. Ол, әсіресе, Айовадағы сайлауға көп ақша құртып, 1 % ғана дауыс жинағанына өкінеді. Янг пен Беннеттке дейін сайлауға қатысудан сенаттағы жалғыз қара нәсілді әйел Камала Харрис бас тартқан.

Ал Bloomberg агенттігінің қожайыны, миллиардер Майкл Блумберг, былтыр Президенттік сайлауға қатысу туралы ойынан айнып қалған. Ол елді дамытуға Президент емес, бизнесмен болып жүріп көп үлес қоса алам деп есептейді.

2016 жылғы сайлаудағы Трамптың басты бәсекелесі Хиллари Клинтон да екінші рет сайлауға түскісі келмейді. Мұны естіген Трамп «Хилларисіз сайлау қызық болмайтынын, оның қатыспайтынына қынжылатынын» айтып әзіл аралас пост жазған еді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

Серіктес жаңалықтары