«Құлыным»: қала тұрғыны Алтай Көлгіновті айналып-толғанды
Бүгін Нұр-Сұлтан әкімі халық алдында есеп берді
Қалада 76 «сақалды құрылыс» бар
Бүгін «Астана» концерт залының сахнасында қала әкімі Алтай Көлгіновтің «бенефисі» болды. Ол бас қалада атқарылған жұмыстарды тұрғындар алдында 30 минуттан аса баяндады. Қала басшысы тізгінін қолына алған бетте, Көлгінов үлескерлер мәселесін қаузай бастаған. «Сақалды құрылысқа» айналған нысандарды аралап, баспанаға ақша құйып алданған адамдармен жүздесті. Содан бері не шешілгенімен бүгін бөлісті.
«Ондаған жыл бойы өз үйіне кіре алмай жатқан үлескерлер бар. Әсіресе, «Территория комфорта», «Шығыс», «Алтын шар» секілді тұрғын үй кешендері бойынша шешілмеген мәселелер жетерлік. Қазіргі таңда астанада 76 проблемалы нысан бар. Тексеріс кезінде оларда жобалық құжаттардың, қаржылық-техникалық аудиттің, қаржылық модельдердің, инвесторлардың жоқтығы секілді бірнеше мәселе анықталды. Қазір мемлекет тарапынан бұл олқылықтарды жою үшін бірқатар шара атқарылуда. Соның арқасында былтыр 10 көппәтерлі үйді пайдалануға беріп, үлескерлер санын 2 500 адамға кеміттік», - деді қала әкімі.
«Аралдың ортасында қаламыз»
Дәстүрлі есеп беру кездесулері әкіммен бетпе-бет жүздесетін бірден-бір алаң. Әдетте, баяндама аяқталғанын күтпестен тұрғындар кезекке тұрып, проблемаларын билікке жеткізуге ыңғайлана бастайды. Нұр-сұлтандықтар бүгін де белсенді. Арқадағы қыс жаңа әкімнің арқасына батқаны рас. Бүгін күн шайдай ашық. Көктемнің лебі қазірден сезіледі. Биыл «рекорд орнатқан» қалың қарды тазалауды ертерек қолға алмаса, жағдай қиындайды. Мұны ПИК өкілдері де айтып жатыр. Байқоңыр ауданындағы «Надежда» ПИК-і басқарма мүшесінің сөзінше, Ақ бидай көшесінде орналасқан 14-үй тұрғындары күн жылыса көлкіген су кешуге мәжбүр болады.
«Құрметті әкім мырза, біздің мәселені шешпесеңіздер, көктемде біз «аралдың» ортасында қаламыз. Күлкілі естілсе де айтайын, біздің тұрғын үйді көпшілік «Пентагон» деп атайды. Көшемізде тас жол салынбағандықтан, автобусқа мінетін жолға рельстер бойымен жетеміз. Жыл сайын көшемізде су тасқыны болады, балаларымыз он күндеп сабаққа бармай, үйде жатады. Биылғы жылда қардың қаншалықты көп екенін көріп тұрсыздар», - деп ағынан жарылды ол.
Әкім қаладағы су тасқынына қатысты екі күн бұрын құрылған штаб 14-үйдің мәселесін назарға алатынын айтты. Қыста шаһарды қардан аршып, әкімдікке қол ұшын созған Тұрсынбек Қабатов та бар проблеманы жұртпен бірге жіті тыңдап отырды. Енді қиялы жүйрік әртіс ерте көктемде жаңа эстафетаны қолға алуы бек мүмкін.
Қала күні фестиваль өткізгендер көк тиынсыз қалды
Есімжол Алпысов астана күніне орай «Отандастар» қоры мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Қасиетті қазақ елі» фестивалінде қызмет атқарған бір топ адам жеті айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтты.
«2019 жылы қала күніне байланысты «Отандастар» қоры және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі арасындағы қол қойылған меморандуммен «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық фестивалі өткізілген еді. Сол шараның қаражатын біз әлі күнге дейін ала алмай жүрміз. Біз қасымыздағы азаматтарды шулатпай, ұстап келдік. Сіздің атыңызға ұжымдық хат та жаздық, оған тұшымды жауап ала алмадық. Қызметкерлер қатарында көпбалалы аналар бар, олар БАҚ өкілдерін шақырып, шағым да айтпақ болды. Осы мәселені назарға алуыңызды өтінеміз!», - деді ол.
Әкім бұл мәселеден хабарсыз болып шықты.
Қала тұрғыны әкімді айналып-толғанды
Нұр-Сұлтанда орын тапшылығы ескеріліп, биыл былтырға қарағанда екі есе көп мектеп салынады. Халық санының өсуіне байланысты мектептердегі орынтапшылығы мәселесі күн өткен сайын қатты сезілуде. Қазіргі таңда 14 мектепте бала саны шамадан артық.
«2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп салу және 23,7 мың орындық 16 мектептің құрылысын бастау жоспарланды. Оның ішіндегі 8 мектеп мемлекет және жекеменшік әріптестік аясында салынады. Ал, 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес 50 мемлекеттік мектеп, инвесторлар есебінен 77 млрд теңгеге 24 мектеп салу жоспарлануда», - деді Алтай Көлгінов.
Ал, әкімнен Байқоңыр ауданындағы Таха Хусейн мен Тәшенов көшелеріне жақын жерде мектеп салып беруді өтінген әжей отырғандарды ду күлдірді. Ол Алтай Көлгіновті «құлыным» деп айналып-толғанды. Бұған әкім де езу тартып, күлімсіреді.
«Алтай балам, саған денсаулық тілеймін! Халыққа жақсылық жасап жатқандарыңа қуанамын. Енді құлыным, шамаң келсе біздің мәселені қарай сал, құлыным», - деді әжей.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан