Жамбыл облысында 20 күннен бері комада жатқан оқушының отбасы Бас прокуратурадан көмек сұрады

Зардап шегуші ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан, аяқ-қолы да деформациялана бастаған

Жамбыл облысында 20 күннен бері комада жатқан оқушының отбасы Бас прокуратурадан көмек сұрады
Фото: © istockphoto.com

Жамбыл ауданында мектеп оқушыларының «жиыны» кезінде аяусыз соққыға жығылып, ауыр халде ауруханаға түскен жасөспірімнің туыстары қылмыстық істі әділ тергеуді талап етуде. Олар тек тікелей соққы жасаған күдіктіні ғана емес, шабуылды ұйымдастырушыларды да жауапкершілікке тартуды сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

Зардап шеккен баланың әпкесі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, бауырының 31 қазаннан бері аса ауыр халде жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқушы мектептегі «сходка» кезінде соққыға жығылған.

Жасөспірім 20 күннен астам уақыт бойы комада жатыр. Дәрігерлер оған апаллиялық синдром (вегетативті күй) диагнозын қойған. Әпкесінің сөзінше, бала айналасына ешқандай реакция білдірмейді. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан, аяқ-қолы да деформациялана бастаған.

Қазіргі уақытта оқушы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылғанымен, жағдайы әлі де өте ауыр.

Жәбірленуші тарап тергеу барысына наразы. Бойжеткеннің айтуынша, 11-сынып оқушысы Е.С. өзге жоғары сынып оқушыларымен бірге 10-сынып оқушысы Н.А.-ға інісін ұруды бұйырған. Ал тапсырманы орындаудан бас тартқан жағдайда оған күш қолданатынын айтып қорқытқан.

Туыстарының сөзінше, тергеу барысында жоғары сынып оқушыларының оқиғаға қатысы анықталғанымен, болжамды ұйымдастырушылар әлі күнге дейін бостандықта жүр. Сондай-ақ отбасы оқиғаға 2007 жылы туған, мектепті бітірген екі кәмелетке толған азаматтың да қатысы бар екенін алға тартады.

Бұдан бөлек, отбасы 15 жастағы негізгі күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасына да күмән келтіреді. Олардың мәліметінше, жасөспірім бастапқыда уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда келесі күні сот шешімімен оның кәмелетке толмағаны және бұрын сотталмағаны ескеріліп, үйқамаққа ауыстырылған.

Зардап шеккен оқушының отбасы жергілікті билік пен құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ күдіктілердің ата-аналарынан нақты көмек болмағанын айтады. Олар іс жылы жабылып, айдап салушылар жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.

«Бүгін біздің бауырымыз зардап шекті, ал ертең осы жазасыздықтың кесірінен кез келген өзге бала жапа шегуі мүмкін» — делінген үндеуде.

Осыған байланысты отбасы бас прокурордан, ішкі істер министрінен және бала құқықтары жөніндегі уәкілден істі ерекше бақылауға алып, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды және қымбат емдеу мен оңалту шығындарын өндіріп беруді сұрады. Құзырлы органдар әзірге тергеу құпиясына сілтеме жасап, ресми түсініктеме берген жоқ.