ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

Украина ұшағын атып түсірген ракетаның видеосы жарияланды

The New York Times басылымы Тегеран маңында құлаған Boeing-737 жолаушылар ұшағына зымыранның соқтығысқан видеосын жариялады

Бар-жоғы 19 секундтық видеодан бір жарық нүктенің үлкен жылдамдықпен келіп ұшаққа тигенін көруге болады. Арада аз уақыт өткеннен кейін жарылыстың даусы шығады. Осы уақытта аулада жүрген иттер үрген күйі жан-жаққа қаша жөнеледі.

«The New York Times жариялаған видео ирандық ракетаның Тегеранға жақын маңда апатқа ұшыраған ұшаққа тигенін көрсететін сияқты. Тергеушілер апаттың ресми себебін іздеп жатыр, дегенмен видеожазба төтенше жағдайға қатысты жаңа болжам жасауға көмектеседі», - деп жазылған БАҚ материалында.

Әуесқой видеоны Нариман Гариб атты азамат Имам Хомэйни халықаралық әуежайы маңындағы Паранд қалашығында тұрып түсірген. Boeing-737 ұшағы осы аймақта құлады.

Оқи отырыңыз: Украина ұшағын зымыран атып түсіруі мүмкін. Ирандағы әуе апатына қатысты соңғы болжамдар

Ал бұған дейін Канада мен Ұлыбритания билігі Иран ракетасы ұшақты қателесіп атып түсіруі мүмкін екендігін айтқан. Иран тарапы аталған болжамдарды жоққа шығарып, бұл АҚШ-тың әдейі таратып отырған қауесеті деп кінәлады.

«Өкінішті. Бірақ АҚШ-тың психологиялық манипуляциясы мен оны саналы түрде немесе ойланбай қолдай беретіндердің әрекеті тек туысынан айырылғандардың қайғысына қайғы жамайды», - деген Иран Ислам Республикасы үкіметінің ресми өкілі Али Рабии.

Еске салайық, 8 қаңтар күні таңертең PS752 рейсімен Тегеран әуежайынан Киевке ұшқан украиналық Boeing-737-800 бірнеше минуттан кейін апатқа ұшырады. Ұшақта болған 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшелері түгелдей қаза тапты. Олардың ішінде:  82 Иран, 63 Канада, 11 Украина, 10 Швеция, 4 Ауғанстан, 3 Британия, 3 Германия азаматтары бар.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан