Жүрек қалауы: Ұлыбритания ханзадасы ақыры патшалық ақшасынан бас тартты
Гарри мен Меган Марклдің кезекті әрекеті әлем назарын тағы Британияға аударды
Сассекс Герцогы мен герцогинясы ойланып-толғанып қабылдаған шешімдері туралы Instagram парақшаларында жариялады. Жұп өз беттерімен өмір сүруге шешім қабылдаған. Отбасы Британия мен Солтүстік Америкадағы екі үйде алма-кезек тұрады. Дегенмен, бұрынғыша Патшайым Еливазетаға ІІ қолдау көрсете береді. Әлеуметтік желідегі жазбаға сенсек, Гарии мен Меганның монархиялық институттегі ендігі рөлі өзгеше болады. Бұдан бөлек, екеуі қайырымдылық қорын ашып, көп уақыттарын соған арнамақ.
Ұлыбританияда қалыптасқан дәстүрге сай, корольдік отбасының барлық шығынын үкімет көтереді. «Суверендік грант» деп аталатын қаржыны король отбасының жоғары шенді мүшелерінің бәрі алады. Оған Елизавета ІІ патшайым, Уильям және Гарри ханзадалар мен олардың әйелдері жатады. Айта кетейік, 2019 жылы король отбасына мемлекеттік қазынадан 100 млн $-ға жуық қаржы бөлінген. Оның 40%-ы Буккенгем сарайын жөндеу жұмыстарына жұмсалыпты.
Соңғы уақытта Гарри ханзада мен Меган Маркл БАҚ-тың ерекше назарында болып, жиі сынға ұшыраған. Тіпті, Меган бұл жағдай оған ауыр тиіп жатқандығын ашық айтып, мәлімдеме жасады.
Ал Гарри Ханзада Король отбасының мәртебесі ол үшін артық «жүк» екенін, бұл атаққа аса мұқтаж емес екенін бұрыннан жасырмайтын. Әсіресе, анасы Диана ханшайымның өлімінен кейін жұрт алдына көп шыққысы келмейді. Еске салсақ, Диана ханшайым 1997 жылы жол апатынан қаза тапты. БАҚ қайғылы жағдай көлік ізіне түскен папараццилардың кесірінен болғанын жазды.
Ал 2017 жылы Гарри ханзада қарапайым отбасынан шыққан актриса, «Форс-мажорлар» (Suits – авт.) киносериалы арқылы танымал болған Меган Марклға үйленіп, корольдік отбасы төңірегінде күбір-сыбыр әңгіме көбейген. Патшайымның келіні ақсүйектер әулетінен емес, афроамерикалық жалғызбасты әйелдің қызы. Кейбіреулер «ерекше» жұптың қосылуын нағыз махаббатқа баласа, өзгелері Гарридың ақсүйек қанын бұзып, король отбасының беделіне нұқсан келтіргені туралы жазды. Қазір екеуінің Арчи есімді ұлдары бар.
Абай Сейфулла , Нұр-Сұлтан