Назарбаев премьер-министрді қабылдады
Асқар Мамин ұлттық экономиканы одан әрі нығайту жөніндегі жоспарлары туралы мәлімет берді
2019 жылдың нәтижесі бойынша ЖІӨ өсімі 4,5 пайызды құрады. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Елбасыға Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуал және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат ұсынылды.
Қазақстанның тұңғыш президенті Бес институционалдық реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары тармақтарын сапалы орындаудың маңыздылығына назар аударды.
«Экономикадағы ахуал жаман емес. Қазір «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын мұқият жүзеге асыру маңызды. Орындалған міндеттер бар, бірақ ерекше мән беруді қажет ететін орындалмаған тармақтар да қалып отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал Асқар Мамин 2019 жылдың қорытындысы бойынша қол жеткізген экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері және ұлттық экономиканы одан әрі нығайту жөніндегі жоспарлары туралы мәлімет берді.
«Ел экономикасы тұрақты дамып келеді. Біз жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. 2019 жылдың нәтижесі бойынша ЖІӨ өсімі 4,5 пайызды құрады. Негізгі драйверлер – құрылыс, көлік, сауда, байланыс салалары», – деді премьер-министр.
Маминнің баяндамасына сәйкес құрылыс саласының даму қарқыны 12,9%, сауда – 7,6%, байланыс – 5,2%, көлік – 5,1%, өңдеу саласы – 4,4%, тау-кен өнеркәсібі – 3,7% құрады. Ал халықтың табысы 5,5%, негізгі капиталға инвестициялар 8,5% өсіп, сауда айналымы 97 млрд долларды құрады.