Зеленский Иранның ұшақты атқанын мойындауына қатысты пікір білдірді
Украина президенті ресми Ираннан тергеу ісін ашық жүргізуді және кінәлі әскерилерді қатаң жазалауды талап ететінін айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Иранның украиналық әуежол ұшағын атып құлатқанын мойындағанына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінгі таң жақсы болмады, дегенмен, шындықтың беті ашылды. Халықаралық комиссия жұмысын аяқтағанға дейін-ақ Иран украиналық ұшақтың апатына қатысты өз кінәсін мойындады», – деп жазады Зеленский әлеуметтік желідегі парақшасында.
Укарина президенті ресми Иранның өз кінәсін толық мойындауын және кінәлі әскерилерді жауапқа тартуды, тергеудің ашық жүргізілуін талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ, ресми Киев қаза тапқан жолаушылардың денесін қайтару мен өтемақы төленуін, дипломатиялық жолмен ресми кешірім сұрауды күтетінін айтты.
«Алдағы уақытта тергеу ісі түрлі бөгеттер мен кешеуілдеусіз жүргізіледі, сонымен қатар, 45 украиналық маманның осы істе біріге жұмыс атқаруына жағдай жасалады деп үміттенемін», – деп жазды Зеленский.
Еске салсақ, «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының Boeing 737-800 ұшағы сәрсенбі күні таңғы уақытта Тегераннан Киевке ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған еді. Әуе кемесінің бортында болған 180 адам түгелдей қаза тапқан.