Тоқаев Оман сұлтанының қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады
Қабус бен Саид Оман сұлтанатын 1970 жылдан бері билеп келген
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Қабус бен Саидтың қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарға орай көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
«Қабус бен Саид өз өмірін Оман мен оның халқының мүддесін қорғауға, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға риясыз арнады. Қазақстан халқы Сұлтан Қабусты парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайтын болады. Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан бүкіл Оман халқының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.
Айта кетсек, Оман сұлтанатын 1970 жылдан бері билеп келген Қабус бен Саид ұзақ уақытқа созылған дерттен көз жұмғанын бүгін таңертең Оман мемлекеттік ақпарат құралдары жариялаған болатын.
Сұлтанның дүние салуына байланысты елде үш күндік аза тұту жарияланды.
Артында мұрагері қалмаған Қабус бен Саидтың орнына елдің жаңа басшысы болып Хайсам бен Тарек әл-Саид келді.