$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2020, 19:06
Жаңалықтар

Украина ұшағын зымыран атып түсіруі мүмкін. Ирандағы әуе апатына қатысты соңғы болжамдар

Иран тарапы ұшақтың әуежайға қайта қонуға тырысқанын айтады

Украина ұшағын зымыран атып түсіруі мүмкін. Ирандағы әуе апатына қатысты соңғы болжамдар

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Ирандағы Boeing ұшағы апатының алдын-ала себептерін хабарлады.

«Ұшақтың аяқ асты құлауының түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Ұшақтың ЗРК немесе «Тор» зениттік зымыранымен атып түсірілген болуы мүмкін деген нұсқа да тексерілуде. Себебі интернетте ресейлік ракетаның қалдықтары апат болған жерге жақын маңда табылғандығы туралы ақпараттар шықты. Тағы бір нұсқа – ұшақтың дронмен соқтығысуы», - деді ол «Цензор.нет» басылымына берген сұхбатында.

Украина тарапы бортта террористік акт болуы мүмкін, техникалық ақау әсерінен қозғалтқыштың жанып кетуі ықимал деген нұсқаларды да қарастырып жатыр. Қазір мамандар оқиға орнына барып, ирандықтармен бірге  тексеру жұмыстарын жүргізу үстінде.Бұл уақытта Иран тарапы «Украинаның халықаралық әуежолдары» компаниясына тиесілі ұшақ әуежайға оралуға әрекет жасағаны туралы хабарлап үлгерді.

«Басында ұшақ әуежай аумағынан шығып кету үшін батысқа бағыт алған. Бірақ проблемаға кезіккеннен кейін оңға бұрылып, әуежайға қайтып келе жатқанда құлаған», - деп айтылған Иранның азаматтық авиация комитетінің (бұдан әрі - СAOI) мәлімдемесінде. 

СAOI  Boeing-737 әуе кемесі құламай тұрып, бортта өрт шыққан деген нұсқаны алға тартады. Бірақ өрттің неден шыққанын атап айтпады.

Авиация комитеті алдын-ала болжам нәтижелерін Украинадан бөлек АҚШ, Канада, Швеция елдеріне жіберген. Бірақ Иран қара жәшіктің өзін АҚШ-қа да, Boeing компаниясына да бермейтіндерін мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін Украинада аза тұту күні жарияланды. Ел Президенті Владимир Зеленский өз Facebook парақшасында видеомәлімдеме жасап, апатта қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Ол құлаған ұшаққа қатысты тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге шақырды.

«Бұл хайп жасайтын, әлеуметтік желіде «лайк» жинайтын, бұрмалап, өтірік мәлімет тарататын тақырып емес. Бізге шыдамдылық пен ұстамдылық керек», - деді ол.

Еске салайық, кеше таңертең PS752 рейсімен Тегеран әуежайынан Киевке ұшқан украиналық Boeing-737-800 бірнеше минуттан кейін апатқа ұшырады. Ұшақта болған 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшелері толық қаза тапты. Олардың ішінде:  82 Иран, 63 Канада, 11 Украина, 10 Швеция, 4 Ауғанстан, 3  Британия, 3 Германия азаматтары бар.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары