$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.01.2020, 17:40
Жаңалықтар

СҚО-да мандарин ішінен таблетка табылды

Мандарин мен алмұрт ішінен 9 таблетка шыққан

СҚО-да мандарин ішінен таблетка табылды

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылының тұрғыны мандарин ішінен ақ таблеткалар тауып алған. Сандуғаш Оқасова бұл факті жайында бірден жергілікті дәрігерлік бөлімше қызметкерлеріне хабарлаған. Мамандар белгісіз заттың құрамын анықтау мақсатында зертханалық жұмыстарды бастап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сандуғаш Оқасова алма, мандарин мен алмұрт ішінен 9 таблетка тауып алған. Ол аталған өнімдерді ауылдық дүкеннен сатып алғанын растады. Алайда зертханалық талдау нәтижелері шықпайынша сұхбат беруден бас тартты.

Қарағаш ауылдық фельдшерлік-акушерлік бөлімшесінің дәрігері Евгений Вручинский бұл факті жөнінде Тайынша аудандық Полиция бөліміне хабарлаған. Оқиға орнына аудандық полиция қызметкерлері барған. Әзірге мәселенің анық-қанығы анықталуда.

«2020 жылғы 8 қаңтар күні Тайынша ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жеміс жеген кезде сырт пішіні таблетка тәріздес белгісіз ақ түсті заттың анықталу фактісі бойынша 1969 жылы туған ауыл тұрғыны жүгінгені туралы Қарағаш аулының фельдшерінен телефон хабарламасы келіп түсті.

Аталған факті ҚР ҚК 306-бабы 1-бөлігі «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Осы факті бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде.

Тергеуге мүдделі ведомстволардың мамандары тартылды, қажетті сараптамалар тағайындалды», - дейді СҚО Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.

СҚО Полиция департаменті және облыс прокуратурасының басшылығы сотқа дейінгі тергеудің жүргізілуін бақылауға алғанын хабарлады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #мандарин