«Бағдарлама Қазақстанда жасалған». «Сергек» мәліметтерді Қытайға жолдай ма?
Алматы қаласының көшелеріндегі көліктерді 2300-ден аса камера бақылап тұр

8 күн бұрын 400 бекетке орнатылған «Сергек» 2564 көлікті тіркеп, жүргізушілерге 42 миллион теңге айыппұл салған. Алматыда 1,5-2 шақырым сайын орнатылған бейнебақылау камерасы тәулік бойы жұмыс істейді. Төрт бірдей жол ережесін бұзған көліктерді тіркейді. Олар: жылдымдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, тоқтау сызығын басу мен қоғамдық көліктерге арналған жолаққа шығып кету. Сақшылар «Сергек» сырт елдерге жұмыс істейді, құпия мәліметтерді Қытайға жолдайды деген қауесетке қатысты жауап берді.
«Сергек» камераларын «Көркем Телеком» ЖШС орнатқан. Ал камералар сырттан алынса да, оған орнатылған бағдарлама біздің елімізде жасалған. Сондықтан осы камералар арқылы мәліметтер Қытайға немесе басқа жаққа кетеді деген өтірік. Ол мүмкін емес. Камераның қай жақта жасалғаны бізге маңызды емес, біз оны білмейміз де. Бастысы ондағы бағдарлама өзіміздікі», -деді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.
Алдағы уақытта Алматы көшелеріндегі «Сергек» камераларының санын 707-ге жеткізу жоспарланған. Яғни, тағы да 307 жерге бейнебақылау аппараттары орнатылады. Басқарма басшысының сөзінше, айыппұлдан түскен ақша қала бюджетіне аударылады. Былтыр Алматыда «Сергек» көмегімен жарты миллионнан астам заң бұзушылық тіркеліп, жүргізушілерге 3,6 миллиард теңге айыппұл салынған. Көлік иелері әлі 1 миллиард теңге төлеуі тиіс.
«Жол ережесін бұзу бойынша тіркелген көліктің иесі айыппұлға келіспеуі мүмкін. Ондай жағдай жалпы тіркелген оқиғалардың 2% құрайды. Мәселен, қар жауып жол белгісі көрінбей қалуы мүмкін. Көлік тығыны, бағдаршамның істемей қалуы сынды түрлі себептер бар. Осындай жағдайда айыппұл жазылса менің атыма шағым жазып, хабарласуына болады. Біз жүргізушімен бірге фото-видеоны қараймыз. Көлік иесінің кінәсіз екені дәлелденсе тіркелген әкімшілік іс қысқартылады», -деді Әкімшілік полиция басқармасының басшысы.
Бүгінде көлік иесі жол ережесін бұзғаны жөнінде ескерту уақытында хабарланбаса, айыппұл төлемеуден бас тартуға құқылы. Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәлімет жүргізушіге 60 күннің ішінде хабарланбаса хаттама күшін жояды. Алайда, келесі айдан бастап көлік иелеріне ережені бұзғаны туралы мәліметтер SMS арқылы жолданатын болады. Демек, 60 күн деген тәртіп күшін жояды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы