«Өзбек қыздарының жанжарасын мазақ етті»: Қытайды шулатқан блогер Айбекованың басы тағы да дауға қалды (ВИДЕО)
Қазақ қызы Өзбекстанда жігіттерге тиіскен

Қытайда пранк жасап басы дауға қалған блогер Аружан Айбекова енді Өзбекстанда шу шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер Ташкент метросында вагонда отырып, жігіттердің қолынан ұстап, санына қол жүгірткен.
«Ташкентте қоғамдық көліктегі харрасмент мәселесі жеңіл қалжыңға айналанытн дүние емес. Апта сайын автобустарда немесе метро ішінде ер адамдардың әйелдер мен қыздарға тиісіп, әдепсіз қылықтар жасағаны туралы хабарлар тарайды. Ал құқық қорғаушылар мен белсенділер қауіпсіз орта қалыптастыру үшін бар күшін сарқып жүр. Олар камералар орнатуды, ақпараттандыру шараларын ұсынып отырады. Осы тұрғыда Айбекованың пранкі басқалардың жанжарасына тию, тіпті келеке ету ретінде қабылданды. Метро ішінде расымен харрасмент көрген әйелдер үшін бұл видео күлкілі емес. Бұл өзбек желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды», -деп жазды Vaib.uz телеграм арнасы.
Аружан Айбекова бұған дейін де Қытай метросында осындай өрескел қылықтар жасаған. Онымен қоймай, тағы бір пранкінде блогер қыз өзінің танысының қалтасынан телефон алып, оны бейтаныс адамдарға «ұсынып», кейін оларды ұрлық жасады деп айыптағандай түр танытқан. Бұл әрекеттер айналасындағылардың үрейі мен түсінбеушілігін туғызған. Сол кезде жергілікті билік дереу әрекет етіп, Айбекованың аккаунттары барлық платформалардан бұғаттап, видеолары өшірген. Блогер елге оралған соң, полиция шақырып, профилактикалық әңгіме өткізді.
Vaib.uz жазуынша, Өзбекстан билігінің реакциясы әзірге белгісіз. Бірақ алдыңғы оқиғаларды ескерсек, блогерге әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Бұған дейін Өзбекстанда қоғамдық орында арандатушылық әрекет жасаған блогерлерді 5 тәулікке дейін қамауға алу тәжірибесі болған.