Жарнама жасаған: Ақтаудың танымал блогері алаяқтық дерегі бойынша ұсталды
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Маңғыстау облысының полиция департаменті желіде жасалған алаяқтық бойынша 2 адамды тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдікті әлеуметтік желіде Қытайдан түрлі тауарларды, оның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техниканы арзанға сату және жеткізу туралы жарнамалар жасаған. Ол бұл іске 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал Instagram аккаунттың иесін тартқан.
Жарнама жарияланғаннан кейін азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, жеке кәсіпкердің шотына ақша аударған. Бірақ кәсіпкер қаражатты жеке қажетіне жұмсап жіберген. Ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға ақша аударған жәбірленушілер тергеу кезінде анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау, сондай-ақ өзге де ықтимал жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бейресми деректерге сәйкес, іске қатысы бар блогер 29 жастағы Салтанат Аманқосова. Екі баланың анасы әлеуметтік желіде жеке өмірі туралы айтып, түрлі брендтерге жарнама жасаумен айналысады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде сақ болуға, сатушылар туралы мәліметтерді мұқият тексеруге және күмәнді шоттарға ақша аудармауға шақырды.