Астанада концертке екі билет сатқан ер адам 2 жылға сотталып кетті – прокуратура оның себебін түсіндірді

Ол өзінің екі билетін коллаж арқылы өзгертіп, қайта сатқан

Астанада концертке екі билет сатқан ер адам 2 жылға сотталып кетті – прокуратура оның себебін түсіндірді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада концертке екі билет алып, оны коллаж арқылы өзгертіп, екі адамға сатып жіберген ер адам екі жылға сотталды. Сот оған жеңілдік жасап, жазасын шартты түрдегі жазаға ауыстырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қалалық прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, ер адам жалған билеттен 100 мың теңгеге жуық ақша тапқан.

«30 жастағы ер адам ресми сайттан екі билет сатып алып, олардың деректемелерін өзгертіп, Threads арқылы 90 мың теңгеге сатқан. Бір билетті ересек адам, бір билетті бала сатып алған», - деп хабарлайды прокуратура.

Алаяқтық фактісі ашылғаннан кейін ол ақшаны қайтарған, кінәсін мойындаған. Соның бәрін ескерген сот ер адамды 2 жылға шартты түрде соттаған.