Брюссельдегі «қола балаға» Республика күніне орай тағы да қазақтың шапаны жабылды (ВИДЕО)
Алғаш рет бұл рәсім 2021 жылы болған еді
Брюссель қаласындағы әйгілі «қола бала» - Манекен-Пис мүсіні тағы да қазақтың ұлттық шапаны мен бөрігін киді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдени шара Қазақстанның Республика күніне орай ұйымдастырылған. Сол жерден Қазақстанның Бельгия және Люксембургтегі Төтенше және өкілетті елшісі Роман Василенко отандастарын мерекемен құттықтады.
«Брюссельден жылы жаңалық! Әйгілі Манекен-Пис Республика күніне орай қазақтың ұлттық шапанын киіп, сәнге бөленді. Бұл қазақ-бельгия достығының жарқын белгісі. Баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз», - деді елші.
Мүсін қазақтың ұлттық киімін осымен үшінші рет киіп отыр. Алғаш рет бұл рәсім 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне орай ұйымдастырылған. 2025 жылы Республика күні қарсаңында да мүсінге ұлттық шапан жабылған. Биылғы шара 21 қазанда өтті.
Айта кетейік, Брюссельдегі Манекен-Пис мүсініне түрлі елдердің ұлттық киімдері мен арнайы костюмдерін кигізу дәстүрінің 300 жылдан астам тарихы бар. Алғашқы костюм мүсінге 1698 жылы сыйға тартылған. Бүгінде оның киімдер топтамасында әлемнің әртүрлі елдерінен тарту етілген мыңнан астам киім бар. Түпнұсқа киімдер Брюссельдің орталық Гран-Плас алаңындағы арнайы мұражайда сақтаулы тұр.
Қазақтың ұлттық киімін киген мүсін туристердің назарын бірден аударды. Көпшілік оны камераға түсіріп, қызықтап жүр.