Иран шабуылы: Дональд Трамп мәлімдеме жасады
АҚШ президенті Тегеранның әскери базаларға жасаған соққысынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның Ирактағы әскери базаларға жасаған соққысынан кейін алғаш рет Америка тұрғындары алдында сөз сөйлеп, шабуылдың айтарлықтай шығын әкелмегенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақ үйден тікелей көрсетілім арқылы жасаған телеүндеуінде АҚШ президенті Вашингтонның Иранмен арадағы қақтығысты күшейтуге ниетті еместігін, әйтсе де барынша қысым көрсетуді жалғастыра беретінін мәлімдеді.
«Мен президент болып тұрғанда, Иранда ешқашан ядролық қару болмайды», – деді Трамп.
Ол Тегеран соққысының Вашингтонға айтарлықтай шығын әкелмегенін, шабуыл нәтижесінде ешкімнің қаза таппағанын атап өтті.
Иран сәрсенбі күні түнде Ирактың батысындағы Эйн-әл-Асадтағы және америкалықтардың әскери құрлығы орналасқан Эрбилдегі базаларды зымыранмен атқылаған болатын. Кейбір БАҚ-тың мәліметінше, шабуыл салдарынан 80 адам қаза тапқан делінген еді.
Таяу Шығыстағы жағдай америкалық әскерилердің Сирия мен Ирактағы «Катаиб Хезболлы» шииттік нысандарға соққы жасауынан кейін ушыға түскен болатын. Нәтижесінде, қозғалыс жақтаушылары бірден Бағдадтағы америкалық елшілікті басып алуға тырысқан. Кейінірек Вашингтонның арнайы операциясы барысында ирандық генерал Касем Сулеймани мен ирактық шииттік қозғалыс басшысының орынбасары Абу Махди әл-Мухандис қаза тапты.
Ал өз кезегінде НАТО Иранның АҚШ әскери базаларына жасаған шабуылын айыптады.