$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2020, 17:09
Саясат

АҚШ Иранға су жаңа әскери техникамен соққы беруге әзір. Сағат сайын жаңаратын Трамптың туиттері

Әлем жұрты үш күннен бері «соғыс» деп, демін ішіне тартып отыр

АҚШ Иранға су жаңа әскери техникамен соққы беруге әзір. Сағат сайын жаңаратын Трамптың туиттері

Үш күнде алты туит

Бүгін таңертеңтен бері  АҚШ Президенті Дональд Трамптың туиттері екі рет жаңарды. Екеуі де Иранмен арадағы шиеленіске қатысты мәлімдеме. Трамп АҚШ-тың әскери әлеуетін алға тартып, Тегеранға сес көрсетті.

Сондай ақ, «біз Сүлейманиді соғыс бастау үшін емес, соғысты тоқтату үшін өлтірдік» деген Дональд Трамп туиттер парақшасында Иран аумағындағы 52 нысанға шабуыл жасайтынын жазды.

«Иран 52 тұстан нысанаға алынды. Олардың көбі Иранның мәдениеті үшін маңызды жерлер. Біз оларға тез, ауыр соққы жасауға дайынбыз. АҚШ енді өзіне қандай да бір қауіп төнгенін қаламайды»,- деп жазды ол.

Парсы шығанағындағы қақтығыс неден туындады?

28 желтоқсан күні Ирактың Киркук қаласы маңындағы АҚШ әскери базасына әуеден шабуыл жасалып, америкалық азамат қаза тапты. Ертесіне  АҚШ пилотсыз басқарылатын ұшақтармен Ирактағы «Хезболла» ұйымын атқылады. Нәтижесінде 19 адам ажал құшты.  АҚШ-тың  мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранға ескерту  ретінде соққы жасалғанын хабарлады. «Хезболла» ұйымының мүшелері жерленген күні шейіттік топ Бағдат қаласындағы АҚШ елшілігі маңында қарсылық акциясын өткізді. Ақ үй мұны Иран ұйымдастырды деп санайды.  

Салдарынан, 3 қаңтар күні Ирактың Бағдад қаласында Иран әскери күштері «Әл-Құдс» арнайы жасағының қолбасшысы, генерал Қасем Сүлеймани өлтірілді. Пентагон АҚШ-тың әуе шабуылы Дональд Трамптың тапсырысымен жасалғанын мәлімеді. Таяу Шығыстағы ең беделді әскери қайраткерлердің бірінің қасақана өлімі Ақ үй мен Иран арасындағы қатынасты қайта өршітті. Бағдат әуежайында «дронмен» шабуыл нәтижесінде «Катаиб Хезболла» әскери ұйымы жетекшісі Абу Махди Мухандис та қаза тапты.

«Әл Құдс» арнайы жасағын басқарған Касем Сүлеймани Иранда іс жүзінде Сыртқы істер министрі болған беделді әскери «қайраткер». Себебі, ол Сириядағы Башар Асадқа қатысты соғыстың, Ирактағы шиеленістердің, «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымымен болған қақтығыстардың,  тағысын тағы ірі әскери қозғалыстардың басы-қасында жүрді. «Сұр кардинал» аталып, аты аңызға айналған генералды Таяу шығыста көбі ұлт батыры санайды. Ал, Батыс «Содырларға қарсы күрескер атын жамылған  лаңкес» деп айыптаған. Тіпті, Ресей Президенті Владимир Путинді Сириядағы қақтығыстарға араласуға көндірген осы Сүлеймани деген сыбыс бар. Сондықтан, ықпалды тұлғаның өлімі Батыс пен Иран және оның жақтастары арасындағы қарым- қатынасқа сызат түсірді.

Соғыс оты тұтанды ма?

Иран Сүлейманидың өлімі үшін АҚШ-тан қалай да болса кек алуға дайын. Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Әли Хамени елде үш күнге қаралы күн жариялап, қатқыл мәлімдеме жасап үлгерді. Бұл уақытта АҚШ Таяу Шығысқа қосымша 3,5 әскер жіберетінін айтты. Және Таяу шығыстағы құрама штаттар әскері соғыс жағдайына көшті. CNN ақпарат агенттігінің дерегінше, Иранды қоршай орналасқан АҚШ әскери базасындағы сарбаздар саны  төмендегі кестеде келтірілген.

Бағдаттағы Америка елшілігі Ирактағы  АҚШ азаматтарын елге қайтуға құлағдар етіп жатыр. Бүгін АҚШ коалициясы Ирактағы әскери базасына екі рет ракета шабуыл жасағанын хабарлады. Бірақ аймақта нысандар бүтін, ешнәрсе қираған жоқ. Бағдадтағы АҚШ елшілігі орналасқан аумақта да жарылыс болды.

Израиль билігі де Сүлейманидің қазасынан кейін шұғыл жиын өткізіп, әскерді соғыс жағдайына дайындады. Себебі Иран кек алу үшін АҚШ-тың таяу шығыстағы жақтастарына бірінші болып шабуыл жасауы ғажап емес.

Қазір, АҚШ билігі Трамптың әрекетін әртүрлі бағалап отыр. Конгресс төрағасы Ненси Пелоси Президенттің провокациялық әрекеті америкалық әскерилер мен дипломаттар өліміне қауіп төндіргенін, ал Трамп ең бірінші өз азаматтарының мүддесін ойлауы керектігін айтады. Бұрынғы вице-президент Джо Байден Сүлеймани өлімі жаңа шиеленістің өршуіне соқтырғанын айтты.

Қазақтанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты әлі пікір білдірген жоқ. Ал Ресей Трамп ойланбай әрекет жасағанын айтып отыр. РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Фейсбук парақшасында.

«Бұл жағдай миллиондаған адамға соққы болатын, шиеленісті өршіткеннен басқа, ештеңеге де әкелмейді», - деп жазды.

Биыл АҚШ-та Президент сайлауы  өтеді. Дональд Трампқа өз имиджін құрту тиімді емес. Оның үстіне кешеден бері Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында жүздеген адам көшеге шығып, Ақ үйдің Ирак пен Иранға қатысты саясатына қарсылық білдірді.

Иранға келсек, халқы дағдарыстан әбден шаршады. Биыл Иран көшелерінде  үкіметке қарсы митингтер көп өтті. Халық биліктің Ирак пен Сириядағы соғыстарға қыруар қаржы жұмсап жатқанына да  қарсы.  Сондықтан қазір тараптарға ашық шайқасқа  шығу тиімсіз.

Таяу шығыстағы текетірес теңгеге әсер ете ме?

Сүлейманидың қаза тапқаны туралы хабардан кейін әлемде мұнай бағасы 4%-ға қымбаттап кетті.  «Рейтерс» агенттігі АҚШ-тағы мұнай қоры күрт азайғанын жазды. Бүгін қара алтын бағасы барреліне 68, 66 $ болып тұр. Таяу шығыстағы жағдай тенгенің курсына қалай әсер ететіні туралы «Azattyq Ruhy» - на AERC қолданбалы экономика және қолданбалы зерттеу институтының департамент директоры Арман Байғанов пікір білдірді.

«АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметінше, 2018 жылы пайдаланылған мұнайдың 21%-ы Ормуз бұғазы арқылы өткен. Иран аталған бұғаздың солтүстік жағалауында орналасқан. Сонымен бірге, Таяу шығыстағы жағдай алтын бағасына да әсерін тигізді. Қазір бір үштік унция 1548 $-ға бағаланып отыр. Нарықта мұнай негізінен АҚШ-тағы өндіріс көлемінің төмендеуі және әлемдік экономиканың дамуы әсерінен қымбаттайды деп күтіледі. Сондықтан биыл мұнайдың бір баррелі $60-дан төмен болмауы тиіс», - деді ол.

Сарапшы доллардың арзандауы әлем елдеріне емес, тек АҚШ-тың ішкі жағдайына ғана әсер етеді, Қазақстанда көк қағаз бағамы айтарлықтай өзгеріске ұшырымайды деген пікірде.

Айта кетейік, осы оқиғалардан соң, АҚШ мемхатшысы Қазақстанға сапарын кейінге қалдырды. Майк Помпео Қазақстанға 5 қаңтар күні келеді деп жоспарланған еді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

Серіктес жаңалықтары