Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын зымыранмен атқылады
Пентагон өкілі АҚШ базасына 10-нан астам баллистикалық зымыран жіберілгенін айтты
Иран АҚШ пен олардың одақтастарының күші шоғырланған Ирактағы екі әскери базаға ракеталық шабуыл жасады. BBC Тегеран генерал Сүлейманидың өлімі үшін кек алу мақсатында оқ жаудырды деп хабарлайды.
Пентагон өкілі, АҚШ Қорғаныс министрінің қоғаммен байланыс бойынша көмекшісі Джонатан Хоффманның айтуынша, Иран Әл Ассад және Эрбильдегі АҚШ базасына 10-нан астам астам баллистикалық зымыран жіберген. Пентагон өкілі қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептеліп жатқанын айтты.
«Соңғы күндері Ираннан төнген қауіп-қатерге жауап ретінде АҚШ Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен серіктестерін қорғаудың барлық амалдарын жасап жатыр. Біз аймақтағы АҚШ қызметкерлерін, серіктестер мен одақтастарды қорғау үшін барлық шараларды қолданамыз. Өзгерістер болып жатса, хабардар етіп отырамыз», - дейді Джонатан Хоффман.
Иран басылымдары АҚШ базаларына 30-дан астам зымыран ұшырылғанын хабарлайды. Әзірге зардап шеккендердің бар-жоғы белгісіз. Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп Facebook парақшасында қазір шығын көлемі есептеліп жатқанын жазды. Сондай ақ, ол таңертең мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Америка президентінің жазбасы Қазақстан уақытымен сағат 9-дар шамасында жарияланды. Демек, кешкі 18.00-де Трамп нақты мәлімдеме жасайды.