$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2019, 10:01
Саясат

Еламан Жолдасов елшіліктен пиар үшін қомақты қаражат алған - зайыбы

Марқұмның жесірі Қазақстанның құзырлы органдарынан істі бақылауға алуды сұрады 

Бүгін түнде Каирде қаза тапқан Еламан Жолдасовтың әйелі Қазақстан басшысы мен құзырлы орган жетекшілерінің атына үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Айнұр Молдабаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Бас  прокурор Ғизат Нұрдәулетов, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеубердіден көмек  сұрады. Бейнеүндеуде дипломаттың өліміне елшіліктен алған қаражат себеп болуы мүмкін деген болжам айтылады.

«Бүгін мен Египеттің Каир қаласындамын. 19 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 12-00-де осы бейнеүндеуді жазып отырмын. Мен елдің басшылары мен Қазақстан халқынан көмек көрсетуді сұраймын. Мен 13 желтоқсанда  күйеуімді тұрып жатқан пәтеріміздің алдында жатқан күйінде тауып алдым. Басында қанның ізі көп болды, мойнында жіп байланғанын өз көзіммен көрдім. Шалбарының төменгі артқы жағында шаң болды. Кіреберісте өз өмірімен күрескен адамның әрекетіне ұқсас аяқ киімнің көптеген іздерін байқадым. Сондықтан бұл өзіне - өзі қол салудың белгілерге жат»,- дейді Айнұр Молдабаева.

Жолдасовтың зайыбы өздері тұратын үйдің 55 қабаттан тұратынын, күзет қызметі ол жерге келетін адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттар талап етпейтінін мәлімдеген. Сол күні де түнгі мезгілде кіреберіс қараңғы болған. Іштегі жарықты қосатын тетік лифттің қапталында орналасқанын айтады.    

Осы қайғылы оқиғадан соң Қазақстанның Египеттегі елшілік өкілдері Еламанға имидждік және PR шаралары үшін қомақты қаражат бергендерін еске алған. Бұл қаражат оның мезгілсіз қайтыс болуына түрткі болуы мүмкін деген болжамды қарастыру керек. Еламан кәсіби дінтанушы маман, ол өзі де исламның барлық қағидаларын ұстанады. Дәстүрлі ата дінімізде өзіне-өзі қол салу ауыр күнә екенін біледі. Ондай адамдарға жаназа оқылмайтынын да айтатын. Сондықтан суицидке барды деген ақылға қонымсыз, дейді елшілік қызметкерінің жары. 

«Оның сүйікті отбасы, жанындай жақсы көретін балалары бар. Болашаққа үлкен жоспар құрып жүретін, жұмысын да жақсы көріп істейтін. Соңғы бір айда ол Бейбарыс Сұлттаның мешітін салуға инвестиция тартты. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетін Қазақстан иелігіне толықтай өткізу процесімен айналысып жүрген.  Египет университеттерінде қазақ тіліндегі сыныптарды ашты. Туризм мен білім саласындағы екі ел байналысын дамытуға, елдің имиджі үшін еңбек етті. Менің күйеуімнің өліміне қатысты тергеудің жариялы және әділ жүргізілуін қалаймын. Сондықтан Қазақстан тарапынан құзырлы органдардың бұл істі бақылауға алуын сұраймын»,- дейді өз үндеуінде Айнұр Молдабаева. 

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұған дейін БАҚ-та Еламан Жолдасовқа қатысты тараған біраз ақпаратты жоққа шығарған болатын.  Ал кеше  Үкімет қабырғасында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Каирде көз жұмған дипломатқа  қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, елші өз-өзіне қол салды деген нұсқа ақылға қонымды. Министр өзге ақпараттарға сенбеуге шақырды.

Оқи отырыңыз: «Қауесеттерге сену ақымақтық»: Сыртқы істер министрі елшінің өліміне қатысты пікір білдірді

Еске салайық, 13 желтоқсанда Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Қазір Египет тарапы сот-медициналық сараптау өткізіп жатыр.  Қазақстан тарапы дипломаттың денесі елге жеткізілгеннен кейін де қосымша сот- сараптамасын жүргізетінін мәлімдеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары