Еламан Жолдасов баспалдаққа асылып тұрған - СІМ
Еламан Жолдасов Египетте танымал болған
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұған дейін БАҚ-та Еламан Жолдасовқа қатысты тараған біраз ақпаратты жоққа шығарды.
"Оның қол-аяғы арқасынан байланған. Арқасы кір болған. Яғни, оны жер бетімен сүйреген" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Оны тапқан кезде мойыны жіппен байланып, баспалдақтың таянышына асылып тұрған. Алғашқы тексеру кезінде денесінде қандай да бір зақым, көгеру мен жарақаттар болған жоқ. Киімі таза. Үстінде костюм, галстук болды",- деді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл оқиғаның хронологиясымен бөлісті.
"13 желтоқсан, сағат 11:15-те Египеттегі Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Жолдасов Еламанның жұбайы үй кіребесіндегі баспалдақ алаңында оның денесін тапты. Бірінші кезекте бұл туралы елшілікке хабарлады. Біздің дипломаттар 5-7 минут ішінде жетіп, қажетті шараларды қабылдады. Оқиға орнына полиция, жедел-жәрдем, прокуратура, криминалдық полицияның тергеу топтары шақырылды",- деп түсіндірді ол.
Айбек Смадияров Еламан Жолдасовтың Египетте танымал болғанын да айтты.
"Еламан парасатты және жауапты адам, араб тілінің жақсы маманы болған. Египеттің БАҚ-да танымал болып, жиі сұхбат беріп, теледидардан сөз сөйлеп жүрді. СІМ жүйесінде 2013 жылдан бастап жұмыс істеді. 2017 жылдың мамыр айынан бері Египеттегі Қазақстан елшілігінің мәдени -гуманитарлық мәселелері жөніндегі екінші хатшысы қызметін атқарды",- деді.
СІМ елші өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптау аяқталғаннан кейін хабарлайды. Қазақстан тарапы дипломаттың денесі елге жеткізілгеннен кейін де қосымша сот- сараптамасын жүргізеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан