$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2019, 12:14
Саясат

Президент қоғамды митинг мәдениетіне дағдылануға шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында айтқан мәлімдемелері

Төменде Тоқаевтың отырыста айтқан сөздерін қысқа-нұсқа қылып өздеріңізге ұсынамыз:

- Биліктің диалог орнатуға және реформа жасауға мүдделі екеніне ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймын. Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын.

- Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз.

- Ұлттық банк 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық Қор трансферттерінің валюта нарығындағы айырбасын ай сайын және тоқсан сайын жариялап отыруы тиіс. Ақша-несие саясатының стратегиясы қабылданады.

- Микро және шағын бизнес табыс салығынан 3 жылға дейін босатылады. Оларды тексеруге дәл осындай мерзімге мораторий жарияланды.

- Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік-патронаттық қолдауды күшейту керек деп санаймын.

- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет.

- Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі 2023 жылға шегерілді.

- Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жетті. Тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынамын, яғни 20 мыңға дейін. Жалпы, партияларға және сайлауға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек.

- Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Саяси партия құру үшін мүшелерінің саны 40 мың болу керек еді. Соны 20 мыңға азайтып, партияны тіркеуді жеңілдетеміз.

- Пайдаланылмай жатқан жер учаскелері үшін базалық салық ставкаларын 20 есеге дейін артыру қажет.

- Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторингті қолдану қажет.

- Мемлекет болашағына қатысты мәселе бойынша алауыздыққа жол беруге болмайды. Біз оң өзгерістерді билік пен қоғамның ортақ келісімі және сындарлы іс әрекеті арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Осыны есімізден шығармайық... Мен еліміздің ұлтжанды азаматтары мен түрлі қоғам өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын.

- Латын әліпбиіне көшуде асығыстық танытуға болмайды.

- Жақында Ақмола облысына жасаған сапарымда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдалану жайына назар аудардым. Бұл бағытта менің ұстанымым бекем: жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық.

Президент қоғамды митинг мәдениетіне дағдылануға шақырды.

- Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария еттім. Мұны жақсы білесіздер. Біз өз қызметімізде ең алдымен қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ.

Серіктес жаңалықтары