Алматыда 47 адамды газға тұншықтырған корей сериалы жарыққа шықты

Оқиға пойыз вагонында болған 

Детектив жанрында түсірілген оңтүстіккореялық «The Blue Road» (Көк жол) сериалы Netflix платформасында жарық көрді. Туындының финалдық бөлісі Алматыда түсірілген болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сюжет бойынша, Оңтүстік Корея мен Жапония тергеушілері бірнеше мемлекетте болған кісі өлтіру қылмыстарының арасындағы байланысты анықтамақ болады. Қазақстанға пойызбен келген кейіпкер жергілікті тұрғынмен кездесіп, тергеу жұмыстарына қатысты маңызды ақпарат алады. Сериалдың сегізінші бөліміндегі оқиға Алматыда түсірілді.

«The Blue Road-та» басты рөлдерде Сон Сокку, Эйта Нагаяма және Чон Джэ Ён ойнаған. Netflix-тегі премьерасы 20 қарашада өтті. Сериал барлығы сегіз бөлімнен тұрады.

Еске салсақ, осы сериалдың Алматыдағы түсірілімі даулы жағдаймен есте қалған. 2025 жылғы 11 желтоқсанда түсірілім жүріп жатқан пойыз вагонында адамдар түтінге тұншығып қалды. Көлік министрлігінің мәліметінше, вагонда түсірілім тобы мен көпшілік көріністерге қатысқан адамдар болған. Олардың арасында балалар да бар. Оқиғадан кейін 47 адам ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Зардап шеккендердің қатарында 11 бала болған.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев вагондағы жылыту жүйесінде ақау болғанын айтқан еді. Қыс мезгілі болған соң, вагонға қолдан жасалған жылыту құрылғысы қойылған. Сол құрылғыдан газ бөлініп, адамдар уланып қалған.

Оқи отырыңыздар: Шортандыда ер адам жүк пойызының астына түсіп қаза тапты

Осы дерек бойынша Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.