$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2019, 14:26
Саясат

Нұрлан Ноғаев уәдесінде тұрған жоқ – М.Тайжан

Кеше Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев БАҚ өкілдеріне «Макс Боқаевқа берген сөзімде тұрдым» деп мәлімдеген еді

Нұрлан Ноғаев уәдесінде тұрған жоқ – М.Тайжан
фото: Батыржан Беспаев

Бүгін Ұлттық сенім кеңесі отырысынан кейін саясаттанушы Мұхтар Тайжан жаңадан тағайындалған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевқа қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесінің айтуынша, Атыраудың экс-әкімі белсенділерге берген уәдесін орындай алмады.

«Бұл жерде критерий өте қарапайым. Макс отырып шықты. Сонда уәде қайда қалды? Ол жазықсыз отыр. Ешқандай кінәсі жоқ. Нақақ. Талғат Аян оған байланысты нақты мәлімдеме жасады ғой. Соттың үкімі бар. Нақты митинг үшін сотталды. Сотқа мен де қатыстым. Сондықтан уәдесінде тұрды деп айта алмаймыз», - деді ол.

Еске салсақ, кеше Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2016 жылы жер дауына байланысты митинге шыққан белсенділерге берген уәдесінде тұрғанын айтқан.

«Мен 2016 жылы Макс Боқаев пен Талғат Аянға берген сөзімде тұрдым. Мен оларға жер митингіне қатысты қудалау болмайды деген уәде бергенмін. Ал оларды басқа баппен, басқа себеппен соттады», - деген еді ол.

Сондай-ақ Мұхтар Тайжан Ұлттық кеңес қылмыстық кодекстегі екі баптың өзгертілуіне ықпал етіп, оң нәтиже беретінін де айтты.

«Талғат Аян қазір жұмысқа шыға алмайды. Енді 174-бап бойынша гуманизация болады. Енді сол баппен шыққан адамдар жұмысқа шыға алады. Қазір, мысалы Владимир Козлов елден қашып кетуге де дайын. Жұмысқа шығу керек қой. Банкте есепшот аша алмайды, сенім хат та жасай алмайды. Өмір сүру мүмкін емес», - деді Ұлттық сенім кеңесінің жұмыс нәтижелеріне тоқталған М.Тайжан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестегі баяндамасында Қылмыстық кодекстің тек 174 бабына байланысты арнайы тоқталды.

«Біз Қылмыстық кодекстің 174 бабына қатысты шешімге келе алдық. Сол бапты гуманизациялау ұсынылуда. Мысалы, ондағы «қоздыру» деген сөзді «арандату» деген сөзге ауыстыру керек», - деген.

Қолданыстағы заңның 174-бабы қазір «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары