Елбасы мен Президент шетелге бірге сапарға шықпайды – Берік Уәли
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Санкт-Петерборда өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне Тоқаевтың қатыспайтынын мәлімдеді
«Маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербор қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақтың бейресми саммитіне қатысу-қатыспауына байланысты сұрақтар келіп түсуде. Осыған орай аталған саммитке еліміздің атынан Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатынын хабарлаймын. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Мемлекет басшысы мен Елбасы шетелге бірге сапарға шықпайды», - деп жазды Берік Уәли.
Сондай-ақ Елбасы тиісті құжаттарды талқылау барысында өз пікірін айтуға құқылы екені, ал құжаттарға қол қою құзыреті Президентке тиесілі екенін жазды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысына қатысып, сөз сөйлеуді жоспарлап отыр.