ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

«Сенім білдіргендеріңіз үшін рақмет». Nur Otan әсерлі бейнеролик жариялады

Мәжіліске сайлаушылардың ең көп даусын жинаған үш партия өтті

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, партияның республикалық сайлауалды штабын басқарған Бауыржан Байбек 10 қаңтарда өткен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірді.

«Nur Otan» партиясы 71,09% дауыс жинады. Барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында да біз айқын жеңіске жеттік. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Nur Otan» партиясының басты мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту және елдігімізді нығайта беру. Ел болып біріге білсек, алынбайтын асу жоқ. Басымызға түскен қиындықты біз әрдайым бірге еңсеріп, жетістіктерге бірлесе жетеміз», - деп жазды ол.

Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – алдағы 5 жылда еліміз бен өңірлерді дамытудың дайын жоспары. Ол Елбасының 5 институционалдық реформасы бағдарын жалғастырады және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді қамтиды.  

«Nur Otan» партиясының бағдарламасы – егжей-тегжейлі есептелген, қаржылық және нақты ресурстармен қамтылған шаралар. Алғаш рет жоспарлау тәсілі де өзгерді. Мұнда салалық емес, страттық қағидат негізге алынды. Бұл ретте нақты әлеуметтік топтардың мүддесі басты назарда болады.

«Елбасы айтқандай, енді партиямыз сайлауалды уәделердің және Мемлекет басшысының пандемия салдары мен экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша қойған міндеттерінің барлық деңгейде іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Алдымызда атқаратын ауқымды жұмыс бар», - деп тоқталды.

Еске салайық, бүгін Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстың ақырғы қорытындысын жариялады. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәлімдеуінше, сайлауда 7 539 280 адамға бюллетень берілген. Саяси партияларға дауыс берген сайлаушылар саны - 7 241 562.

  • «Nur Otan» партиясына - 5 148 074 дауыс (71,09%);
  • «Ақ жол» партиясына – 792 828 дауыс (10,95%);
  • «Қазақстан Халық партиясына» - 659 019 (9,10%);
  • «Ауыл» партиясына - 383 023 (5,29%);
  • «ADAL» партиясына 258 618 дауыс (3,57%).

Мәжілістегі депутаттық мандат: «Nur Otan» партиясы – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы –12 мандат, Қазақстан Халық партиясы - 10 мандат. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан Мәжіліске сайланған тоғыз депутат бар.