Дәрігерлерді қорғау мақсатында ауруханаларға 152 полиция посты орнатылды
Полиция шиеленістердің алдын алып, медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Денсаулық сақтау министрлігі аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп медициналық ұйымдарға тәулік бойы жұмыс істейтін 152 полиция постын орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда келесідей полиция посттары жұмыс істейді:
- қалалық стационарларда-30;
- облыстық стационарларда-10;
- балалар стационарларында-12;
- перинаталдық орталықтарда-5;
- аудандық орталық ауруханаларда-48;
- аудандық ауруханаларда – 23.
Постар оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға және медицина қызметкерлерінің де, пациенттердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайларының көбеюіне байланысты қабылданды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазалау шараларын қатаңдатуды тапсырған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінде бір науқас дәрігерге қол көтеріп, соққы салдарынан уролог Антон Кистанов есінен танып қалған. Ол реанимацияға түсіп, кейін Астанаға ауысқан. Күдікті — Қостанай облысының 34 жастағы тұрғыны. Полицейлер оны екі айға қамауға алды. Аурухана өкілдері күдіктінің кім екенін айтып берді.