$ 542.03  627.29  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тосқауыл қою керек»: Тоқаев дәрігерлерді ұрып-соғатындардың жазасын қатаңдатуды тапсырды

Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті

«Тосқауыл қою керек»: Тоқаев дәрігерлерді ұрып-соғатындардың жазасын қатаңдатуды тапсырды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырып, дәрігерлерге күш қолданатындардың жазасын қатаңдату туралы міндет жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды. Оның  айтуынша, президент осы бағыттағы ұсыныстарды қолдап отыр.

«Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайды. Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады», - деп жазды Желдібай.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінде бір науқас дәрігерге қол көтеріп, соққы салдарынан уролог Антон Кистанов есінен танып қалған. Ол реанимацияға түсіп, кейін Астанаға ауысқан. 

Күдікті — Қостанай облысының 34 жастағы тұрғыны. Полицейлер оны екі айға қамауға алды. Аурухана өкілдері күдіктінің кім екенін айтып берді.

Серіктес жаңалықтары