Шығыста жол апаты жиі болатын тасжолдың құрылысы екі айдан соң аяқталады
11 елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын жолдың 30 шақырымы былтыр жөнделген

Шығыс Қазақстанда жол апаты ең жиі тіркелетін Өскемен-Риддер республикалық тасжолын жөндеу жұмыстары биыл аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше 11 елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын жолдың 30 шақырымы былтыр жөнделген.
«Қазір қалған 75 шақырымында құрылыс жалғасып жатыр. Ойлы-қырлы жолдың бетін тегістеуге ерекше мән берілген», - дейді компания мамандары.
Тасжолды жаңартуға 100 адам, 60 техника жұмылдырылды. Ең бастысы облыс басшылығының тапсырмасымен бұл таулы жолдың сапасына берілетін кепілдік мерзімі 2 жылдан үш жылға ұзартылды.
«Жол құрылысы сәуір айында басталды. 2025 жылдың қазан айында толық аяқталып, қараша айында пайдалануға беру жоспарланған», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Хасенов.