Балалар бес жыл құлдықта болған: Таластағы оқиға бойынша тың дерек шықты
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады

Жамбыл облысының Талас ауданында екі баланы жүйелі түрде ұрып-соғып, құлдықта ұстау оқиғасына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іске өңір басшысы араласты
Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше аталған мәселе бойынша өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды.
Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы мәселені толық анықтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бойынша зерделеу және тексеру жұмыстарын жүргізеді.
«Зерделеу нәтижесіне сәйкес қосымша ақпарат жолданады. Қазіргі таңда тиісті құзырлы органдармен бірлесіп жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қолға алынды», - деп жазылған хабарламада.
Білім мекемелері тексеріледі
Осы секілді келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта өңірдегі өзге де білім мекемелері жан-жақты зерделенеді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған екі бала өздерін бес жыл бойы құлдықта ұстағанын, сабап, мал бақтыруға мәжбүрлегенін айтқан болатын. Олар денесінің көгерген тұстарын көрсетіп, видео жариялады.
«Мен туған әкеме барғым келеді, анам араша түскісі келеді, бірақ өзі де қорқады. Егер бізге көмектеспесе, екеуміздің біріміз міндетті түрде өлеміз», – дейді балалардың үлкені.