$ 539.49  627.7  6.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«5 жыл құлдықта болдық»: Жамбыл облысында балаларды малшы еткен сұмдық іс ашылды (ВИДЕО)

Олардың көмек сұраған видеосы жарияланды

«5 жыл құлдықта болдық»: Жамбыл облысында балаларды малшы еткен сұмдық іс ашылды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған екі бала өздерін бес жыл бойы құлдықта ұстағанын, сабап, мал бақтыруға мәжбүрлегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде тараған видеожазбада екі бала денесінің көгерген тұстарын көрсетіп, видео жариялады. Олардың бірі бес жыл бойы қорлық көргенін, қамшымен сабап, телефонын тартып алғанын, осылайша сыртқы ортамен байланыссыз ұстағанын және ауыр физикалық жұмысқа жеккенін айтады.

«Мен әкеме барғым келеді, бірақ анам қорқады. Егер бізге көмектеспесе – екеуміздің біріміз міндетті түрде өлеміз», – дейді ағасы.

Олардың қайда екені анықталды – балалар Талас ауданынан табылды. ҚР Балалардың құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның хабарлауынша, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу басталған.

«Аймақтық балалар омбудсмені Дәурен Бақжанов балаларға барды. Біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолданамыз», – деді балалар омбудсмені.

Біз осы тұста облыстық Полиция департаментіне жүгінгенімізде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білдік. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарды Тараз қаласындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізді. Онда тергеу әрекеттері жүргізіліп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілетін болады. Балалар медициналық мекемеде қажетті тексеруден өткізілді.

«Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаны мұқият тергеп-тексеру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінен және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, Талас ауданына жіберілді.

Ескертеміз: кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатаң тосқауыл қойылады. Барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылады», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары